Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушы күнімен құттықтап, елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін барша азаматтарға алғысын білдірді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Осы мемлекеттік және қоғамдық маңызы зор мерекеде еліміздің жауынгерлерінің ерен ерлігі, мықты рухы мен қайтпас қайсарлығы дәріптеледі.
Бұл – Қазақстанның қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен тыныштығын күндіз-түні қорғаған, сондай-ақ қазір Отан алдындағы борышын адал өтеп жатқан барша азаматқа құрмет көрсетілетін күн.
Ел жауынгерлері мен командирлері батыр бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып, нағыз отаншылдық рухының жарқын үлгісін көрсетуде.
Сардарлар мен сарбаздардың, барлық күштік құрылым қызметкерлерінің бітімгерлік миссиялар, арнаулы оқу-жаттығу жиындары және түрлі халықаралық сайыстар кезіндегі кәсіби шеберлігі, темірдей тәртібі мен жауынгерлік даярлығы – осының айқын дәлелі.
Қуатты әскеріміз ең күрделі міндеттерді орындауға қашанда дайын. Сондықтан мемлекет еліміздің қорғаныс қабілетін күшейтуге және әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға әрдайым баса мән береді.
Жаңа Конституцияда «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әр азаматының қасиетті парызы мен міндеті» деп жазылған.
Осы аса маңызды тұжырым мемлекет пен халықтың тығыз байланысын, ел тағдырына әрбір отандасымыздың жауапты екенін көрсетеді.
Біз Отанға қалтқысыз қызмет ету қағидатын және Конституцияда айқындалған мызғымас құндылықтарды негізге ала отырып, сан ғасырлық тарихы бар мемлекеттілігіміздің тұғырын нығайта түсеміз. Биік мақсат-мұратымызға жетіп, Әділетті, Күшті, Қауіпсіз Қазақстанды құрамыз. Мен бұған кәміл сенемін.
Антына адал болып, табандылық танытып, мінсіз қызмет етіп жүрген Отан қорғаушыларымызға алғыс айтамын.
Барша азаматтарымызға мықты денсаулық, амандық және табыс тілеймін!
Армиямыздың айбыны, халқымыздың ынтымағы арта берсін!
Қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғыры бекем болсын!




