Todayinfo.kz
СаясатБарлық жазбаларды қарау

Тоқаев Құрбан айт мерекесімен құттықтады: Мемлекет басшысының үндеуі

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Құрбан айт мерекесіне орай халыққа құттықтау жолдады. Ол өз үндеуінде мейірімділік, қайырымдылық және қоғамдағы бірліктің маңыздылығын атап өтті.

Авторы Todayinfo редакциясы··2 мин оқу
Тоқаев Құрбан айт мерекесімен құттықтады: Мемлекет басшысының үндеуі
📷 Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Ақорданың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, Мемлекет басшысы өз құттықтауында былай деді:

Қасиетті Құрбан айт мерекесі құтты болсын! Халқымыздың рухани өмірінде ерекше орын алатын бұл мейрамды бүкіл мұсылман қауымы қадір тұтады. Осы киелі мерекеде рухани кемелденуге жол ашатын мейірімділік пен қайырымдылық, өзара құрмет пен сенім, жанашырлық пен тілеулестік қасиеттері кеңінен дәріптеледі.
Құрбан айт күндері азаматтарымыз өзгеге қол ұшын беру, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету және ел болашағы үшін ортақ жауапкершілікті сезіну айрықша маңызды екенін ұғына түседі. Бұл – әділдік пен адамгершілікті, ой мен сана тазалығын арқау еткен ислам ілімінің ұлағатын дұрыс түсініп, тағылымын тереңірек тануға зор ықпал ететін ерекше кезең.
Түптеп келгенде, біздің асыл дініміз де, еліміздегі басқа дәстүрлі діндер де халқымыздың рухани дамуына, ұрпақтар арасындағы сабақтастық пен қоғамдағы ынтымақ-бірліктің артуына негіз болып отыр.
Бәріміз үшін еліміздің Егемендігі мен Тәуелсіздігінен биік ешнәрсе жоқ. Конституция – халқымыздың болмыс-бітімінің айнасы, ұлттық бірегейлігіміздің өзегі. Сондықтан ел тұтастығын күшейту, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту мемлекет саясатының аса маңызды бағыты, конституциялық міндеті саналады.
Ел ішіндегі тұрақтылық пен тыныштықты көздің қарашығындай сақтау – әрбір отаншыл азаматтың перзенттік парызы. Бұл – қазіргідей алмағайып заманда мемлекетімізді одан әрі көркейтіп, Әділетті және Озық Қазақстанды құрудың бірден-бір шарты.
Біз алдағы уақытта халқымыздың ырысты ынтымағы мен жасампаз рухының арқасында биік белестерді бағындыра береміз. Мен бұған кәміл сенемін. Баршаңызға зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін!

Қасиетті Құрбан айт мерекесі бүгін басталды және ол мұсылман қауымы үшін ерекше маңызға ие.

Ұқсас материалдар