Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық теннисші Елена Рыбакинаны Australian Open турнирінің финалындағы айқын жеңісімен құттықтап, жеделхат жолдады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Президент өз құттықтауында Рыбакинаның бұл жетістігі оның мінсіз шеберлігі мен жеңіске деген зор ерік-жігерінің жемісі екенін атап өтті. Бұл ойынға бүкіл әлемнің теннис жанкүйерлері тамсана қарап, жоғары бағасын берді.
«Сізді спорттағы кезекті тамаша жетістігіңізбен – теннистен Аустралия ашық чемпионатындағы керемет, айқын жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз жеңіске деген ерік-жігеріңіз бен мінсіз шеберлігіңізді тағы да дәлелдедіңіз, бұған бүкіл әлемнің теннис қауымдастығы сүйсіне қарады. Алдағы уақытта да ең беделді турнирлерде жеңіске жете беруіңізге тілектеспін!» – делінген Президенттің жеделхатында.
Елена Рыбакинаның бұл жеңісі Қазақстан спортының тарихындағы елеулі оқиғалардың біріне айналды.
Фото: Әлеуметтік желіден




