Тоқаев Газаны қалпына келтіруге көмектесуге дайын екенін мәлімдеді. Ол АҚШ президенті Дональд Трамп атындағы арнайы сыйлық тағайындауды ұсынды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің отырысына қатысып, Қазақстанның Газа секторын қалпына келтіруге атсалысуға дайын екенін мәлімдеді және АҚШ президенті Дональд Трампқа қатысты күтпеген ұсыныс жасады, деп хабарлайды
Todayinfo ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Қазақстанның аймақтағы тұрақтылықты орнатуға нақты қалай үлес қоса алатынын атап өтті. Еліміз халықаралық компанияларды тарта отырып, Газадағы инфрақұрылымды, тұрғын үйлерді, мектептер мен ауруханаларды салуға ниетті. Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін гуманитарлық көмек көрсетуге және палестиналық студенттерге 500-ден астам білім грантын бөлуге дайын.
– Біз халықаралық деңгейде мойындалған электрондық үкімет саласындағы тәжірибемізбен және басқа да цифрлық шешімдермен бөлісе аламыз. Қазақстан Халықаралық тұрақтандыру күштерін қолдауға әзір. Яғни далалық госпиталь құру үшін бір топ медицина маманын, сондай-ақ Азаматтық-әскери үйлестіру орталығына бақылаушылар жіберуге даяр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, Президент Таяу Шығыстағы бейбітшілікті нығайту үшін Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешім қабылдағанын жариялады. Оның айтуынша, бұл қадам аймақтағы прагматикалық экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізеді.
Кездесу барысында Тоқаев күтпеген ұсыныс жасап, Дональд Трамптың бейбітшілікті ілгерілетудегі еңбегін ерекше атап өтуді жөн көрді.
– Бейбітшілік кеңесі аясында Президент Трамп атындағы арнайы награданы бекітуді ұсынамын. Бұл – оның бейбітшілікті ілгерілету ісіндегі ғаламат жетістіктеріне көрсеткен құрметіміз болмақ. Сіздің тегеурінді әрі көреген басшылығыңызбен Кеңес өзінің тарихи ізгі миссиясын абыроймен атқаратынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
АҚШ президенті Дональд Трамп өз кезегінде кеңеске қатысушыларға ризашылығын білдіріп, Қазақстанды «керемет әрі бай ел» деп сипаттады. Ол жиынға келген мемлекет басшыларын бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қосқан жаһандық деңгейдегі көшбасшылар деп атады.
Шарада сондай-ақ Газа секторын қалпына келтірудің бас жоспары таныстырылды. Дүниежүзілік банк төрағасы Аджай Банга қаржыландырудың ашық болатынын жеткізсе, Жоғарғы атқарушы кеңес мүшесі Джаред Кушнер Газаны заманауи кеңістікке айналдыру жобасы туралы баяндады.
Фото: Әлеуметтік желіден