АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстанның Газа секторына бітімгершілік күштерін жіберетінін мәлімдеді. Бұл шешімнен бөлек, тағы қандай мәселелер талқыланды?
АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстанның Газа секторына халықаралық тұрақтандыру күштерінің құрамында әскерилерін жіберетінін мәлімдеді. Бұл шешім Трамп төрағалық еткен «Бейбітшілік кеңесінің» отырысында айтылды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Трамптың айтуынша, дипломатиялық келіссөздер нәтижесінде Газа секторындағы соғыс аяқталып, ХАМАС ұйымы қаруын тапсыруға міндеттеме алған. Енді аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін Индонезия, Марокко, Албания, Косово, Мысыр, Иордания және Қазақстан өз әскерилері мен полиция қызметкерлерін жібереді. Олар палестиналық полицияны даярлауға көмектеспек.
Сонымен қатар АҚШ президенті Газа секторын қалпына келтіруге бағытталған ірі қаржылық көмек туралы да айтты. Оның дерегінше, Қазақстан, Әзербайжан, БАӘ, Марокко, Бахрейн, Катар, Сауд Арабиясы, Өзбекстан және Кувейт жалпы сомасы 7 млрд доллардан астам қаражат бөлген. Вашингтонның өзі бұл процеске қосымша 10 млрд доллар бөледі.
Кеңес отырысында Иранмен арадағы келіссөздер де талқыланды. Трамп Вашингтонның Тегеранмен «маңызды мәміле» жасауға жақын екенін, әйтпесе оның соңы «жаман салдарға» әкелетінін ескертті.
"Иранда ядролық қару болмауы тиіс, мұны АҚШ өте нақты айтты", – деп мәлімдеді ол.
Трамп Әзербайжан мен Армения арасындағы 30 жылдық қақтығыстың реттелгенін өз әкімшілігінің тағы бір ірі жетістігі деп атады.
"Екі өте маңызды ел арасында бейбітшілік орнады, мен мұны ешқашан ұмытпаймын", – деді АҚШ президенті.
Сөз соңында ол Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанның көші-қон саясатын жоғары бағалап, оған толық қолдау білдірді.
Фото: Әлеуметтік желіден