Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

Триллион теңгелік меже: Созақ ауданы экономикалық серпіліс жасады

Созақ ауданының жалпы өңірлік өнімі 1 трлн теңгеден асты. Аудан әкімі экономикаға 311 млрд теңге инвестиция тартылғанын айтты.

Авторы Мұхтар Жексенбай··1 мин оқу
Триллион теңгелік меже: Созақ ауданы экономикалық серпіліс жасады
Түркістан облысындағы Созақ ауданының жалпы өңірлік өнімі алғаш рет 1 триллион теңгеден асып, рекордтық көрсеткішке жетті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 1 трлн 42 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Бұл туралы аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша, аудан экономикасына құйылған инвестиция көлемі де айтарлықтай өскен. Былтыр бұл салаға 311 млрд 427 млн теңге инвестиция тартылып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 71 млрд теңгеге артқан.
"Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласының өзіне 2 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, жылдық жоспар артығымен орындалды. Сонымен қатар, су үнемдеу технологиялары енгізіліп, 341 гектар жерге жаңбырлатып және тамшылатып суару әдісі орнатылды. Нәтижесінде 12,7 мың тонна ет, 8,1 мың тонна сүт және 2 млн-ға жуық жұмыртқа өндірілді", - деді аудан әкімі.
Сонымен қатар өңірде инфрақұрылымдық мәселелер де кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Бүгінде ауданға қарасты барлық елді мекен 100% орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Биыл өңірге алғаш рет табиғи газ жеткізілді. 13 ақпанда аудан орталығы Шолаққорған ауылындағы 4600 абонент көгілдір отынға қол жеткізді. Алдағы уақытта Созақ, Құмкент, Жартытөбе, Бабата және Аққолтық ауылдарын газбен қамту жұмыстары басталады.
"Өткен жылы ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды жүрді. Шолаққорғанда заманауи спорт кешені мен ірі кітапхана іске қосылды. Бірнеше ауылда әкімдік ғимараттары салынып, «Достар» стадионы толық жаңартылды. Баспана мәселесін шешу үшін де ауқымды жобалар қолға алынды. Қазіргі таңда ауданда 76 пәтерлі бірнеше тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр", - деп толықтырды Мұхит Тұрысбеков.
Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас материалдар

Триллион теңгелік меже: Созақ ауданы экономикалық серпіліс жасады · Todayinfo