Фото: pixabay
Астанада өткен Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өнеркәсіп саласындағы негізгі нәтижелерді таныстырып, журналистердің сауалдарына жауап берді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Өңір басшысының айтуынша, биыл Түркістан облысында өнеркәсіп секторында жалпы құны 107 млрд теңгені құрайтын 22 жоба іске асырылып, нәтижесінде 2 443 жаңа жұмыс орны құрылды.
Әкім өңір үшін маңызы зор бірқатар ірі өндірістік жобаларға арнайы тоқталды. Атап айтқанда, Созақ ауданында «Катко» ЖШС жүзеге асырған табиғи уран өңдеу кешені іске қосылды. Жобаның құны – 35 млрд теңге, 300 адам жұмыспен қамтылды.
Отырар ауданында «Kazakhstan Lihua» ЖШС-нің екі мақта өңдеу зауыты пайдалануға берілді. Бұл жобаларға 21 млрд теңге инвестиция салынып, 960 тұрақты жұмыс орны ашылды.
Түлкібас ауданында «Beibars Bottlers» ЖШС RC Cola брендімен газдалған сусындар шығаратын зауытты іске қосты. Жобаның құны 9 млрд теңгені құрап, 96 адам еңбекпен қамтылды.
Сайрам ауданында «KazEcoMeat» ЖШС-нің заманауи ет комбинаты ашылды. Кәсіпорынға 8,5 млрд теңге инвестиция салынып, 150 жұмыс орны құрылды.
Ал Ордабасы ауданында «Central Asia Aluminium» ЖШС алюминий бұйымдарын шығаратын зауытты іске қосты. Жобаның құны 8 млрд теңге, 150 жаңа жұмыс орны ашылды.
Сонымен қатар облыс әкімі жыл соңына дейін қосымша құны 103,5 млрд теңгені құрайтын тағы 8 өнеркәсіптік жобаны іске қосу жоспарланып отырғанын айтты.




