Todayinfo.kz
Түркістан облысы

Түркістан облысында жасыл энергетиканы дамытуға 1,8 трлн теңге инвестиция тартылмақ

Фото: yandex.kz Елодадағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің экономикалық даму бағыттары мен энергетика саласында іске асырылып жатқан жобалар туралы баяндап, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайд

Авторы Айғаным Нариманова··2 мин оқу
Түркістан облысында жасыл энергетиканы дамытуға 1,8 трлн теңге инвестиция тартылмақ

Фото: yandex.kz

Елодадағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің экономикалық даму бағыттары мен энергетика саласында іске асырылып жатқан жобалар туралы баяндап, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Өңір басшысының айтуынша, Мемлекет басшысы Жолдауында жасыл экономиканы, соның ішінде баламалы энергия көздерін дамытуды ұзақ мерзімді тұрақты дамудың негізгі кепілі ретінде атап өткен. Бұл бағыт Түркістан облысы үшін де аса маңызды.

Қазіргі таңда облысқа қажетті электр энергиясының 75 пайызы сырттан тасымалданады. Жалпы қажеттілік 445 МВт болса, оның 338,8 МВт-ы сыртқы көздер арқылы қамтамасыз етіледі. Осы мәселені шешу мақсатында өңірде бірқатар ірі энергетикалық жобалар қолға алынған.

Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» қорының қатысуымен Сайрам ауданында қуаттылығы 1 000 МВт болатын бу-газ электр станциясының құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны – 800 млрд теңге. Нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі аясында Кентау қаласында жеке инвестор есебінен қуаты 240 МВт болатын газ турбина электр станциясы салынбақ. Жобаның құны – 155 млрд теңге. Қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер мен келісімшарт жасау жұмыстары толық аяқталған. Құрылыс мерзімі – 2 жыл.

Бұдан бөлек, Түлкібас ауданында қуаттылығы 320 МВт болатын бу-газ электр станциясының (119 млрд теңге), ал Сауран ауданында жалпы қуаты 485 МВт болатын екі күн электр станциясының (224 млрд теңге) жобалары әзірлену үстінде. Бұл жобаларды іске асыру 2025–2027 жылдарға жоспарланған.

Сондай-ақ Бәйдібек ауданында қуаты 350 МВт жел электр станциясын салу бойынша құжаттар рәсімделіп жатыр. Жобаның құны – 505 млрд теңге, іске асыру мерзімі 2026–2028 жылдар аралығы деп белгіленген.

Өңір әкімі аталған жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде экономикаға жалпы 1,8 трлн теңге инвестиция тартылып, 2,4 ГВт электр энергиясы өндірілетінін атап өтті. Бұл жаңа өндірістерді ашуға қажетті электр қуатымен өңірді толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар