Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

Түркістанда 1,2 млрд теңгеге зауыт ашылды: енді скотчты өзіміз шығарамыз

Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында құны 1,2 млрд теңгеден асатын жаңа зауыт іске қосылды. Кәсіпорын скотч өндіреді.

Авторы Мұхтар Жексенбай··1 мин оқу
Түркістанда 1,2 млрд теңгеге зауыт ашылды: енді скотчты өзіміз шығарамыз

Түркістан қаласында полиэтилен қаптама өнімдері мен жабысқақ таспа (скотч) шығаратын жаңа зауыт іске қосылды. «TURAN» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «QazEcoPack» кәсіпорнының алғашқы өнімдері конвейерден шыға бастады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Зауыттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, кәсіпорын ұжымын жаңа бастамасымен құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыруды, өңдеу өнеркәсібін дамытуды және жаңа жұмыс орындарын ашуды тапсырған болатын. Бүгін біз Түркістан облысының дамуы үшін маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. «QazEcoPack» жобасының іске қосылуы облыстың экономикасына тың серпін беріп, отандық өнім көлемін арттырады. Осы бастаманы жүзеге асырған Халмет Думан ағамыз бен кәсіпорын ұжымына сәттілік тілеймін!», – деді Нұралхан Көшеров.

Кәсіпорынның құрылтайшысы әрі директоры Думан Халмет инвестициялық жобаға қолдау білдірген облыс әкімдігіне және «TURAN» АЭА ұсынған мүмкіндіктерге ризашылығын жеткізді.

Компанияның негізгі мақсаты – бастапқы және қайта өңделген шикізаттан полиэтилен өнімдерін шығару арқылы отандық нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету. Бұл қадам импорт көлемін азайтуға және қайта өңдеу үлесін арттыруға септігін тигізеді.

Жоба жалпы үш кезеңнен тұрады. Қазір іске қосылған бірінші кезеңде жылына 1,5 миллион дана скотч өндіріледі. Дайын өнім Қазақстан нарығымен қатар ТМД елдеріне экспортталмақ. 2026 жылы екінші кезең іске қосылып, стрейч-пленка мен ауа-көпіршікті пленка шығарылса, 2027 жылы үшінші кезеңде полиэтилен өнімдерін өндіру жоспарланған.

Жобаның жалпы құны – 1,21 млрд теңге. Бірінші кезеңнің өзінде 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Болашақта кәсіпорын аумағында тағы төрт ғимарат салынып, жұмыс орындарының саны артады.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас материалдар

Түркістанда 1,2 млрд теңгеге зауыт ашылды: енді скотчты өзіміз шығарамыз · Todayinfo