Түркия ішкі істер министрі Али Ерликая сатиралық «LeMan» журналының қызметкерлерінің Мұхаммед пайғамбарға қатысты карикатура жариялағаны үшін қауіпсіздік күштері тарапынан ұсталғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды,деп хабарлайды Todayinfo.
Министр карикатураны қатаң сынға алып, оны «арсыз әрекет» деп атады:
«Бұл – баспасөз бостандығы емес, бұл – сөз бостандығын жамылып, біздің діни құндылықтарымызға тіл тигізу. Бұл – мұсылман жамағатының жүрегіне жара салатын арандатушылық. Мұндайға барғандар заң алдында жауап береді», – деді Ерликая.
Түрік БАҚ-тарының хабарлауынша, бұл жарияланым қоғамда үлкен наразылық туғызған.
Осыған байланысты Стамбул прокуроры журнал қызметкерлерін қамауға алуға бұйрық беріп, діни құндылықтарды қорлауға қатысты іс бойынша тергеу басталғанын мәлімдеді.
Алайда журналдың бас редакторы Тунджай Акгүн: «Біз ұсынған бейне қате түсіндірілді», – деп мәлімдеді.




