Түркістан облысында мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған облыстық «Мұражайлар шеруі» байқауының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Бұл жоба ұлттық мәдени мұраны насихаттауға, мұражай саласын қолдауға және өңірдің үздік кәсіби жетістіктерін ілгерілетуге бағытталған.
Салтанатты іс-шара барысында облыстың үздік мұражайлары аталып өтілді, ал сала мамандары мәдениетті дамытуға және тарихи мұраны сақтауға қосқан үлестері үшін лайықты марапаттарға ие болды.
Байқаудың «Үздік мұражай» номинациясы бойынша бас жүлдесі – Гран-приді «Руханият – Әбу Насыр әл-Фараби» мұражайы жеңіп алды. Жеңімпазға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Күшеровтың атынан автокөлік табысталды.
«Үздік мұражай» номинациясында I орынды Қажымұқан атындағы облыстық спорт мұражайы иеленсе, II орын Бәйдібек аудандық сәулет-көркемсурет мұражайына, III орын Кентау қалалық мұражайына берілді.
Байқау аясында мұражай ісін дамытуға әртүрлі бағыттарда елеулі үлес қосқан мұражайлар мен қызметкерлерге арнайы марапаттар да табысталды. Атап айтқанда, «Ұлы Дала Елі» орталығы Ұлы Дала тарихы бағытындағы үздік жұмысы үшін, Облыстық бейнелеу өнері мұражайы өнер саласындағы жетістіктері үшін, Ордабасы аудандық тарихи-өлкетану мұражайы тарихи-өлкетану бағытындағы жұмысы үшін, Сұлтанбек Қожанов атындағы Созақ тарихи-өлкетану мұражайы мемориалдық бағытқа қосқан үлесі үшін, Түркістан облысы мақта шаруашылығы тарихы мұражайы мәдени-ағартушылық қызметі үшін атап өтілді.
Сонымен қатар, «Үздік экскурсовод» номинациясы бойынша жеңімпаздар анықталды. Гран-приді «Ұлы Дала Елі» орталығының экскурсоводы Жарылқасын Ақниет Нұржанқызы жеңіп алды.
Айта кетерлігі, облыстық «Мұражайлар шеруі» байқауы мұражай саласының кәсіби деңгейін арттыруға, тарихи-мәдени мұраны кеңінен насихаттауға және сала мамандарын қолдауға бағытталған маңызды жоба болып табылады.




