Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) ОПЕК және ОПЕК+ ұйымдарынан шыққаннан кейін, Мұнай экспорттаушы араб елдері ұйымынан (ОАПЕК) да шықты, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Шешім 2026 жылдың 1 мамырынан бастап күшіне енді. ОАПЕК ұйымы БАӘ энергетика министрі Сухейль әл-Мазруиден елдің ұйым құрамынан шығуы туралы хат алғанын мәлімдеді.
«Мұнай экспорттаушы араб елдері ұйымының (ОАПЕК) Бас хатшылығы Біріккен Араб Әмірліктерінің энергетика министрі Сухейль әл-Мазруидің ОАПЕК министрлер кеңесінің қазіргі сессиясының төрағасына жолдаған хаты туралы хабардар етілді. Онда БАӘ-нің 2026 жылдың 1 мамырынан бастап ұйым құрамынан шығу туралы шешімі айтылған», — делінген мәлімдемеде.
Мұнай экспорттаушы араб елдері ұйымы 1968 жылдан бері жұмыс істейді. Оның штаб-пәтері Кувейтте орналасқан. БАӘ бұл бірлестікке 58 жыл бойы мүше болды.
Бұған дейін Әмірліктер ОПЕК+ ұйымынан шыққаннан кейін, Қазақстанды қоса алғанда, альянсқа қатысушы жеті ел маусым айында мұнай өндіруді тәулігіне 188 мың баррельге арттыруға келіскенін жазған болатынбыз.




