Өскемендегі «Қазмырыш» ЖШС зауытындағы түтінсорғышты тазалау жұмыстары кезінде жарылыс болып, кейін өрт шыққан. Салдарынан құрылымдар ішінара опырылған, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
«Қазмырыш» ЖШС баспасөз қызметінің алдын ала мәліметі бойынша, оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, бес адам жарақат алды. Зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
Оқиғаны жан-жақты және объективті тексеру үшін арнайы комиссия құрылды. Оқиғаның себептері мен мән-жайы тергеу қорытындысы бойынша анықталады.
Компания қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты. Қаза тапқандардың отбасылары мен зардап шеккендерге материалдық және психологиялық көмек пен қолдау көрсетіледі.




