Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

Уәде орындалмаса — әкім кете ме? Аудан әкімдерін кері қайтару тетіктері қалай жұмыс істеуі мүмкін

Фото: qamshy.kz Саясаттанушы Ғазиз Әбішев соңғы жылдары аудан әкімдерін сайлау тәжірибесі жоғары билік деңгейінде толық қанағаттандырмай отырғанын айтады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі. Оның пікірінше, атқарушы биліктің жоғарғы эшелоны да, облыс әкімдері де аудан

Авторы Айғаным Нариманова··3 мин оқу
Уәде орындалмаса — әкім кете ме? Аудан әкімдерін кері қайтару тетіктері қалай жұмыс істеуі мүмкін

Фото: qamshy.kz

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев соңғы жылдары аудан әкімдерін сайлау тәжірибесі жоғары билік деңгейінде толық қанағаттандырмай отырғанын айтады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Оның пікірінше, атқарушы биліктің жоғарғы эшелоны да, облыс әкімдері де аудан әкімдерінің тиімділігіне қатысты мәселелерге жиі назар аудара бастаған. Бірқатар жағдайда аудан әкімдеріне қатысты шағымдар көбейіп, олардың берген уәделерінің орындалмауы тұрғындар наразылығын тудырып отыр.

Бұл құбылыс барлық әкімдерге ортақ емес, алайда белгілі бір бөлігінің шамадан тыс популистік уәделер беруі немесе басқарушылық тәжірибесінің жеткіліксіздігі жүйелік мәселе ретінде көрініс табуда. Осыған байланысты Президент пен оған жақын саяси тұлғалардың соңғы мәлімдемелері қазіргі модельдің тиімділігіне қатысты қанағаттанбаушылық бар екенін аңғартады. Мәселен, аудан әкімдерін сайлауды тоқтату қажеттігін айтқан Берік Әбдуғалиұлы немесе бұл мәселені Мәжіліс мінберінен көтерген Ерлан Саировтың сөздері соның дәлелі.

Саясаттанушының пайымдауынша, қазір екі ықтимал бағыт талқыланып жатыр. Біріншісі — аудан әкімдерін сайлау тәжірибесін толықтай тоқтату мүмкіндігі. Екіншісі — сайлау сақталған жағдайда, әкімдердің уәделерін орындауын бақылайтын «жұмсақ» бақылау тетіктерін енгізу. Соның ішінде әкімді кері шақырып алу немесе өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату механизмдері қарастырылуы мүмкін. Алайда бұл тетіктердің нақты қалай іске асатыны әзірге түсініксіз.

Мүмкін нұсқалардың бірі — сайлау алдындағы арнайы сүзгіні күшейту. Яғни, әкімдікке үміткерлер ұсынатын бағдарламалардың шынайылығы мен орындалу мүмкіндігін алдын ала бағалау тәжірибесі енгізілуі ықтимал. Бұл бағалауды тек мемлекеттік органдар емес, аккредиттелген үкіметтік емес немесе жеке ұйымдар жүргізуі де мүмкін. Мұндай тәсіл популистік уәделердің алдын алуға бағытталмақ.

Бағдарлама бекітілгеннен кейін белгілі бір уақыт өткен соң, мысалы бір жыл ішінде, арнайы комиссия әкімнің сайлауалды уәделерін орындау деңгейіне баға беруі мүмкін. Сол бағалау нәтижелері мен тұрғындардың бастамасына сүйене отырып, жеткілікті қол жиналған жағдайда, мәселе тиісті деңгейдегі мәслихаттардың қарауына шығарылуы ықтимал.

Сонымен қатар, заңнамаға өзгерістер енгізілген жағдайда әкімдердің жауапкершілігін сот тәртібімен қарау мүмкіндігі де жоққа шығарылмайды. Ал қолданыстағы жүйе аясында «сенім жоғалту» негізінде жоғары тұрған әкімнің немесе Президенттің шешімімен қызметтен босату тетігі де сақталады. Себебі Конституцияға сәйкес, Президент елдегі атқарушы биліктің басшысы болып қала береді.

Ғазиз Әбішевтің айтуынша, бұл бағыттағы пікірталастар әлі де жалғасады. Сонымен бірге кейбір әкімдердің уәделерін орындай алмауы сайлаушылардың да саяси таңдауға жауапкершілікпен қарауына ықпал етуі мүмкін. Популизм мен нақты, іске асатын бағдарламалардың арасын ажырату мәдениеті қалыптасуы ықтимал. Қалай болғанда да, беріліп жатқан саяси сигналдарға қарағанда, бұл мәселе жақын уақытта нақты шешімін табуы әбден мүмкін.

Ұқсас материалдар

Уәде орындалмаса — әкім кете ме? Аудан әкімдерін кері қайтару тетіктері қалай жұмыс істеуі мүмкін · Todayinfo