Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

Жаңа Ата заң: Ғалым Қазақстанды бөлшектеу қаупі туралы ескертті

Ғалым Досай Кенжетай жаңа Ата заң жобасын сынады. Оның айтуынша, кейбір аймақтарға ерекше құқықтық режим беру унитарлық мемлекетті бұзады.

Авторы Мұхтар Жексенбай··1 мин оқу
Жаңа Ата заң: Ғалым Қазақстанды бөлшектеу қаупі туралы ескертті

Ғалым Досай Кенжетай Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия жариялаған жаңа Ата заң жобасының бір бабына қатысты алаңдаушылық білдірді. Оның пікірінше, бұл норма мемлекеттің біртұтастығына қауіп төндіруі мүмкін, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Сөз болып отырған 5-баптың 6-тармағында былай делінген: «Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлерінің экономикалық дамуын жеделдету мақсатында... арнаулы құқықтық режим белгіленуі мүмкін... Көрсетілген арнаулы құқықтық режимдер мемлекеттік басқарудың, сот жүйесі жұмысының ерекшеліктерін көздей алады».

Досай Кенжетай бұл норманың бірнеше қауіпті тұсы барын алға тартады. Оның айтуынша, «белгіленуі мүмкін» деген екіұшты тіркес билікке шексіз еркіндік береді, яғни оны кім, қашан және қанша уақытқа енгізетіні белгісіз.

«Конституцияда мұндай сөз билікке шексіз комментарий (сағыз шайнау) еркіндігін береді», - деп жазды ғалым.

Сонымен қатар, «жекелеген өңірлер» деген ұғым унитарлық мемлекеттің негізгі қағидасы – аумақтардың теңдігі принципіне қайшы келеді. Ғалымның сөзінше, Конституция «барлық өңір тең» деуі керек, бірақ «кейбір өңір ерекше» деп бөліп-жармауы тиіс.

Алайда, ең үлкен қауіп сот жүйесіне қатысты. Жобадағы «сот жүйесі жұмысының ерекшеліктерін көздеуі мүмкін» деген сөйлем бір аймақта басқа сот тәртібі орнауына жол ашады. Бұл азаматтардың заң алдындағы теңдігі мен сот жүйесінің біртұтастығын тікелей бұзады.

«Унитарлық мемлекетте бір ғана сот жүйесі болады. Экономикалық мақсатпен сотты өзгерту деген – құқықтық мемлекетке қарсы әрекет», - дейді Досай Кенжетай.

Сарапшы бұл бап қабылданса, болашақта «жылдам даму қаласы», «шекаралық аймақ» немесе «стратегиялық өңір» деген сияқты саяси ойындарға жол ашып, елдің құқықтық кеңістігін бөлшектеуі мүмкін екенін ескертеді. Ол экономикалық мәселелерді арнайы заңдармен реттеуге болатынын, ал Конституцияның негізгі тіректерін өзгертуге болмайтынын атап өтті.

«Экономиканы жеделдетем деп Конституцияның абыройын түсіру — мемлекеттің ертеңгі болашағына көлеңке түсіреді», - деп түйіндеді сөзін ғалым.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас материалдар

Жаңа Ата заң: Ғалым Қазақстанды бөлшектеу қаупі туралы ескертті · Todayinfo