Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елдің күштік құрылымдарында ауқымды реформа басталатынын жариялады. Оның аясында Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚК) қызметі қайта қаралып, тікелей президентке бағынатын жаңа Тергеу комитеті құрылады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Жаңадан құрылатын Тергеу комитетіне Ішкі істер министрлігі (ІІМ) мен ҰҚК-нің негізгі тергеу функциялары беріледі. Биліктің айтуынша, бұл қадам ведомство басшыларының тергеушілерге қысым жасауын және істерді қолдан жасауын болдырмау үшін қажет. Ал прокуратура өзінің қадағалау функцияларын сақтап қалады.
Реформадан кейін ҰҚК бұрынғы КСРО-ның Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (МҚК) үлгісімен жұмыс істеп, тек өзінің негізгі міндеттеріне шоғырланады. Атап айтқанда, барлау, қарсы барлау және терроризммен күрес сияқты арнайы қызмет міндеттерін атқарады. Осылайша, комитет бағаны бақылау немесе тұрмыстық қылмыстар сияқты өзіне тән емес салаларға араласуын тоқтатады.
Бұл өзгерістер 2027 жылдан бастап күшіне енеді. Бұған дейін Садыр Жапаров ҰҚК жұмысына қатысты сын күшейген тұста оның басшысы Қамшыбек Ташиев пен оның орынбасарларын отставкаға жіберген болатын.
Фото: Әлеуметтік желіден




