Todayinfo.kz
ТехнологияБарлық жазбаларды қарау

ЖИ дамуы: Қазақстан технологиялық өсімде әлемдік көшбасшылар қатарына қосылды

Қазақстан жасанды интеллекттің таралу деңгейі бойынша Орталық Азия мен ЕАЭО елдері арасында көшбасшы атанды, сондай-ақ әлемдегі ең жоғары өсім қарқынын көрсетті.

Авторы Todayinfo редакциясы··3 мин оқу
ЖИ дамуы: Қазақстан технологиялық өсімде әлемдік көшбасшылар қатарына қосылды
📷 Дереккөз: ranking.kz

Жасанды интеллект (ЖИ) соңғы бірнеше жылда болашағы зор технологиядан әлемдік экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналды. Бүгінде ЖИ бизнес, білім беру, мемлекеттік басқару, қаржы секторы, медицина және өнеркәсіптен бастап барлық салаға белсенді түрде енгізіліп жатыр. Цифрландыру қарқынды дамыған қазіргі кезеңде елдер арасындағы бәсекелестік табиғи немесе қаржылық ресурстар көлемімен ғана емес, сонымен қатар озық технологияларды енгізу жылдамдығымен де айқындалады. Халықаралық зерттеулерге сәйкес бүгінде әлем бойынша жүздеген миллион адам генеративті ЖИ қызметтерін пайдаланады, ал осыған байланысты технологиялар мен шешімдердің таралу ауқымы бұрын-соңды болмаған қарқынмен өсіп келеді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Осы жағдайда Қазақстан әлемдік үрдістерге жай ғана ілесіп қоймай, өз ЖИ экожүйесін де белсенді түрде қалыптастырып жатыр. Оның үстіне, еліміз қазірдің өзінде Орталық Азия мен ЕАЭО елдері арасында бәсекеге түсіп, айтарлықтай нәтижелер көрсетуде. Мәселен, Microsoft компаниясы дайындаған Global AI Diffusion рейтингісіне сәйкес Қазақстан ЖИ-дің таралу деңгейі бойынша ОА және ЕАЭО елдері арасында көшбасшы атанды.

Рейтинг 15 пен 64 жас аралығындағы ЖИ-ге байланысты кез келген қызметтерді пайдаланатын халықтың үлесін көрсетеді. Басқаша айтқанда, елдегі ЖИ өнімдері мен цифрлық шешімдердің ену деңгейі неғұрлым жоғары болса, халықтың мұндай технологиялармен өзара іс-қимылы да соғұрлым белсенді болады. Іс жүзінде бұл көрсеткіш ЖИ қызметтерінің танымалдығын ғана емес, сонымен бірге цифрлық инфрақұрылымның, технологиялық ортаның даму деңгейін, ЖИ экожүйесінің қолжетімділігі мен жалпы жетілу дәрежесін де айқындайды.

2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстан 147 елдің ішінде 70-орынға ие болды. Бұл — экономикасы әлдеқайда дамыған мемлекеттермен бәсекелестікті ескерсек, өте мықты нәтиже. Оның үстіне, Қазақстанның 15,9%-дық көрсеткіші Орталық Азия мен ЕАЭО-ның басқа елдерінің нәтижелерінен айтарлықтай жоғары. Салыстырсақ, ЖИ таралу деңгейі Беларусьте 9,6%-ды, Қырғызстанда 9,5%-ды, Ресейде 9,5%-ды, Өзбекстанда 7,2%-ды, ал Тәжікстан мен Түрікменстанда 6,1%-ды құрады.

Сонымен қатар Қазақстан бұл көрсеткіштің өсімі бойынша да көш бастады: 2025 жылдың екінші жартыжылдығымен салыстырғанда өсім 2,2 пайыздық тармақты құрады. Ресейде ЖИ таралу деңгейінің өсімі 1,5 пайыздық тармақ, Қырғызстанда 1,3 пайыздық тармақ, Беларусьте 1,2 пайыздық тармақ болса, ОА мен ЕАЭО-ның басқа елдерінде 1 пайыздық тармақтан аз болды.

Бұл орайда Қазақстан өңірдегі ЖИ ену деңгейі жоғары елдердің қатарында ғана емес, әлемдегі ең жоғары өсім қарқынын көрсетіп отырған мемлекеттердің бірі саналады. Сол рейтинг деректеріне сәйкес Қазақстан ЖИ қызметтерін пайдаланушылар санының өсімі бойынша әлемдегі үздік 10 елдің қатарына енді: көрсеткіш 2025 жылдың екінші жартыжылдығымен салыстырғанда бірден 25,6%-ға артты.

Бүгінде кез келген саланың дамуы елдер арасындағы ынтымақтастық деңгейіне және жаңа технологияларды бірлесіп енгізуге қаншалықты дайын екендігіне көбірек тәуелді екенін атап өткен жөн. Бұл әсіресе цифрландыру, АКТ және ЖИ салалары үшін өзекті, себебі мұнда тәжірибемен, кадрлармен, инфрақұрылымдық шешімдермен және технологиялық дағдылармен алмасу шешуші рөл атқарады. Осы тұрғыда Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) аясында басқа елдермен өзара іс-қимылы маңызды бағыттардың біріне айналып отыр.

Осылайша, 2026 жылғы 15 мамырда Түркістанда ТМҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің бейресми саммиті өтеді. Сарапшылардың пікірінше, алдағы кездесу түркі кеңістігінің жаңа технологиялық құрылымға көшуіндегі маңызды кезең болуы мүмкін. Саммиттің тақырыбы — «Жасанды интеллект және цифрлық даму», ал талқылау аясында ЖИ енгізу, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, технологиялық ынтымақтастық және қатысушы елдер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту мәселелері қаралады.

ТМҰ елдері үшін бұл тек диалог алаңы ғана емес, сонымен қатар бірлескен цифрлық кеңістік қалыптастыруға, тәжірибе алмасуға және өздерінің ЖИ экожүйелерін дамыту қарқынын жеделдетуге мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар