Қазақстаннан Ресейге жеткізілген тауық етінен адам денсаулығына аса қауіпті листерия бактериясы анықталды. Бұл бактерия листериоз инфекциясын қоздырып, орталық жүйке жүйесі мен репродуктивті органдарға зақым келтіруі мүмкін, деп хабарлайды Lenta.ru.
Листерия бактериясының қаупі қандай?
Листерия әсіресе жүкті әйелдер, жаңа туған нәрестелер, егде жастағы адамдар, онкологиялық аурулары бар науқастар мен иммунитеті төмен адамдар үшін өте қауіпті. Mash басылымының мәліметінше, бұл бактерия менингит пен энцефалит тудырып, өлімге әкелуі мүмкін. Аурудың инкубациялық кезеңі 90 күнге дейін созылады. Негізгі жұғу жолы – тағам арқылы.
Қауіпті ет қай зауыттан шыққан?
Россельхознадзор-дың хабарлауынша, қауіпті бактерия Қазақстандағы «Макинская птицефабрика» өндіретін салқындатылған бройлер филесінің сынамасынан табылған. Осыған байланысты, ведомство аталған өндірушіге қатысты зертханалық бақылауды күшейткенін мәлімдеді, деп жазады ТАСС.
«Россельхознадзор басқармасы өнімді алған тараптарды хабардар етіп, бұл партиядағы тауық етін айналымнан алып тастау шараларын қолға алды. 29 қаңтардан бастап өндірушінің Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) реестріндегі мәртебесі «күшейтілген зертханалық бақылау» деп өзгертілді», – деп хабарлады ведомство.
Листерия бактериясын Россельхознадзор-дың Алтай өлкесі мен Алтай Республикасындағы басқарма мамандары Барнаул қаласындағы бақылау пунктінде анықтаған.
Қазақстандық құс фабрикалары бақылауға алынды
Мамандардың айтуынша, Қазақстаннан жеткізілетін құс етінде листерия мен сальмонелла бактерияларының табылуы сирек жағдай емес. Бұған дейін аталған бактериялар ТОО «Восток бройлер», АО «Усть-Каменогорская ПТФ», ТОО «Макинская птицефабрика», ТОО «Агрофирма Курма» және ТОО «Казгеркус» кәсіпорындарының өнімдерінен табылған. Осыған байланысты бұл кәсіпорындардың мәртебесі «күшейтілген зертханалық бақылау» немесе «уақытша шектеу» деп өзгертілді.
Листерия қалай жұғады?
Мамандардың айтуынша, листерия бактериясы көбінесе өндіріс және сақтау гигиенасы сақталмаған жағдайда тағамға түседі. Сондықтан ет және құс өнімдерін тұтыну кезінде олардың сапасына ерекше назар аудару қажет.