Исламтанушы Темур Аманқұл намаз бен азанның араб тілінде оқылуының маңызын түсіндірді, деп хабарлайды Todayinfo.
«Біріншіден, намаз — исламның негізгі парызы, ал азан — оның символы болып табылады. Сондықтан, намаз бен азанда оқылатын сөздер атау-есімдерге айналады. Ал, символдық белгілер мен атаулар өзгертілмейтіні баршаға аян. Мысалға: Имам Ағзам: Лә иләһа илла Аллаһ (لا اله إلا ألله ) таухидты ұлықтайтын символикалық белгі және атау деп түсіндірген. Оны басқаша бұрмалауға болмайды. Яғни символдық атау ретінде олардың сөздік мағынасынан гөрі, шариғаттағы мағыналарына назар аудару керек. Олай болмаса, оны өзгерту шариғатқа қайшы, олай істеуге болмайды.
Екіншіден, адамның рухани (жүрек) сезімдері бірнеше тармаққа бөлініп, өздерінің азықтарын Құранның аяттарынан тоқтаусыз сұрайтыны, дәрежелеріне қарай рухани мағыналарды алған сайын тыныш табатыны, осылайша өздерінің үлестерін үздіксіз алуын жалғастыра беретіні дәлелденген шындық. Ондай үлес алуын жалғап кетеберетін сезімдер құлшылық пен құлшынысқа қажеттілік сезінеді. Сол арабша сөздер арқылы Алланың сөздері екені есіне түсіп, тоқтаусыз нәр алуға негіз болады.
Үшіншіден, әр дайым қайталанып отыратын Фатиха және Ықылас сүресі сынды ақиқаттарды басқа тілдермен түсіндіруге болмайды. Олай жасау орны толмас зиян келтіреді. Себебі, сарқылмас бұлақ болған Құранның сөздері жоғалғаннан кейін әлгі тұрақты сезімдердің тұрақты үлестері де жоғалады. Оған қоса, әрбір әріпіне берілетін он сауап зая кетеді. Адамдардың аударма арқылы берілген анықтама сөздері рухқа (жүрекке) жарық емес қараңғылық беріп, зиянды болуы бек мүмкін. Оның үстіне ешқандай аударма мағынаны толық қамти алмайды, мүмкін емес, абсурд. Құранның иғжазы, ижазы, ибдағы, бәлағасы, жәзаласы, назым мен интизамы адам баласының шамасында емес екенін түсінгісі келсе осы тақырыптарға шолу жасап, зерттеп көрсін», — дейді ол.
Темур Аманқұл діннің негізгі қорғаны болған Құранның сөздерін ешбір пенденің сөзі баса алмайтынын, уақытша түсіндіре алса да, тұрақты, асқақ, киелі түрде түсіндіре алмайтынын атап өтті.
«Қорытынды ретінде сөзімді түйіндейтін болсам, шешендігі (иғжазы, бәлағасы) аса жетілген араб тілінің байлығы мен Құран сөздерінің мұғжизалығын толық аудару мүмкін емес. Тіпті, оны аудару қисынсыз деп айта аламын. Ал аударма деп жүрген нәрселері, өте шолақ, қасаң қалған бір мазмұн. Ондай мазмұн қайда, әрқашан өміршең аса көп тармақтар туындататын аяттардың ақиқат мағыналары қайда жатыр?», — дейді Темур Аманқұл.