Алматы қаласындағы №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасында мамандандырылған медициналық көмекті ұйымдастырудың жаңа жүйесі енгізілді – балалар медицинасының 10 негізгі бағыты бойынша құзыреттілік орталық құрылды.
Құзыреттілік орталығының ашылуы символикалық түрде 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өтті.
Салтанатты ашылу рәсіміне Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қатысып, аурухана басшылығымен бірге қызыл лентаны қиып, орталық жұмысына ресми түрде бастау берді.
Орталық медициналық мамандардың кәсіби деңгейін арттыру, диагностика мен емдеудің заманауи технологияларын енгізу, сондай-ақ балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жетілдіру мақсатында құрылды.
Бұл тек құрылымдық өзгеріс емес, кез келген, тіпті ең күрделі диагноз қойылған балаға медициналық көмекті жедел әрі сапалы көрсетуге бағытталған заманауи емдеу моделіне жасалған маңызды қадам.
Енді аурухана базасында кардиологиядан бастап орфандық (сирек кездесетін) ауруларға дейінгі бейінді орталықтар жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы тар бейінді мамандарды, заманауи диагностикалық мүмкіндіктерді және көпсалалы командалық тәсілді біріктіретін сараптамалық алаң болып табылады. Әрбір клиникалық жағдай жан-жақты қарастырылады.
Аурухана директоры Марат Рабандияровтың айтуынша, жаңа жүйе медициналық шешімдердің дәлдігі мен негізділігін арттырып, ең бастысы – тиімді ем алу мүмкіндігін көбейтеді. Оның сөзінше, орталықтың құрылуы консультациялар санын арттыруға, пациенттерді бағыттау жүйесін жақсартуға және мамандандырылған көмектің қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Құзыреттілік орталық құру Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының «Құзыреттілік орталықтарын құру туралы» бұйрығына және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті нормативтік құжаттарына сәйкес жүзеге асырылды.
Бұған дейін сирек немесе күрделі аурулары бар балалардың ата-аналары қажетті мамандарды ұзақ іздеуге және диагноз қоюдың созылып кетуіне тап болатын. Енді барлық қызмет бір жерде шоғырландырылған.
Құзыреттілік орталықтары бір науқастың жағдайына бірнеше маманды бірден тартуға, диагнозды жылдам қоюға, емдеуді ертерек бастауға және стационарларға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Бұл әсіресе онкологиялық, аутоиммундық немесе генетикалық сырқаттары бар балалар үшін аса маңызды. Мұндай жағдайларда уақыт шешуші рөл атқарады.
Жүйе нақты алгоритм бойынша жұмыс істейді: емдеуші дәрігер пациентті жолдайды, одан кейін жағдай сарапталып, мамандар консилиумы өткізіледі. Соның нәтижесінде бірыңғай сараптамалық шешім қабылданып, емдеу басталады.
Жұмысқа жоғары санатты дәрігерлер, қаланың бас мамандары және мультидисциплинарлық командалар тартылады. Қажет болған жағдайда телемедицина мүмкіндіктері қолданылып, шетелдік сарапшылар да шақырылады.
Негізгі бағыттар: пульмонология, кардиология, ревматология, гастроэнтерология, аллергология, гематология, эндокринология, нефрология, неврология және орфандық аурулар.
Мысалы, орфандық орталықта сирек генетикалық патологиялары бар балаларға көмек көрсетілсе, неврологиялық орталықта эпилепсия және балалар церебралды сал ауруы (ДЦП) бар пациенттер ем алады. Мұндай тәсіл тек емдеуге ғана емес, сонымен қатар бірегей тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.
Халықаралық ынтымақтастық та маңызды көрсеткіштердің бірі болып табылады. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта жасанды интеллект технологияларын енгізу, орфандық қызметті дамыту және ауыр неврологиялық ауруларды емдеу мүмкіндіктерін кеңейту жоспарланып отыр.
Құзыреттілік орталықтарының ашылуы – бұл аурухананы жаңғырту ғана емес, балалар денсаулығын сақтаудың жаңа жүйесіне көшу. Осылайша Алматының кішкентай пациенттері уақытылы мамандандырылған медициналық көмек алып, дені сау болашаққа қадам жасау мүмкіндігіне ие болады.




