Қарттық шақта күтпеген жағдай: 84 жастағы зейнеткерден қауіпті инфекция табылды. Дәрігерлердің мәліметінше, соңғы уақытта егде жастағы адамдар арасында АИТВ (ВИЧ) жұқтыру дерегі жиілеп кеткен.
Биылдың өзінде Карелияның Костомукша қаласында (Ресей) тоғыз адамнан вирус анықталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Науқастардың алтауы – ер адам, үшеуі – әйел.
Мамандарды алаңдатып отырған басты мәселе – вирустың берілу жолы. Барлық науқас дерлік дертті жыныстық қатынас арқылы жұқтырған.
«Диагнозға ешкім сенгісі келмейді»
Науқастардың жас ерекшелігі де әртүрлі. Ең жасы 34-те болса, ең үлкені – 84 жаста.
№1 ауданаралық аурухананың инфекционист дәрігері Лариса Пенкинаның айтуынша, адамдар диагнозды естігенде түрлі реакция білдіреді.
"Біреулер бірден сенбей, қайта-қайта тексерістен өтуге жүгіреді. Ал енді біреулері жағдайды сабырмен қабылдап, ем қабылдауға келіседі", – дейді маман.
Жалпы, 2000 жылдан бері кеншілер қаласында 150 адам есепке алынған. Олардың 40 пайызын әйелдер құрайды.
Қате диагноз болуы мүмкін бе?
Дәрігерлер қан құрамы бірнеше рет тексерілетінін айтады. Егер алғашқы нәтиже оң болса, қан үлгісі арнайы Республикалық орталыққа (Петрозаводск) жіберіледі. Тек сол жерде ғана вирустың барлық ақуызына терең талдау жасалып, нақты үкім шығарылады.
Қызық дерек: қалада "жалған оң нәтиже" беретін бір ғана бірегей пациент бар екен. Оның тесті үнемі вирусты көрсеткенмен, тереңдетілген тексеріс кезінде оның дені сау екені дәлелденіп отырады.
Мамандар ескертеді: АИТВ – өмірдің соңы емес. Егер терапияны уақтылы бастап, дәрігер нұсқауын бұлжытпай орындаса, ұзақ әрі толыққанды өмір сүруге әбден болады.




