Todayinfo.kz
ГлавноеСмотреть все материалы

Әскердегі өзгеріс: Жаңа реформа сарбаздар мен ата-аналарға не береді?

Қазақстандық ата-аналарды алаңдатқан әскердегі жағдай енді үкіметтің тікелей және қатаң бақылауына алынбақ. Елдегі соңғы резонансты оқиғалардан кейін билік әскери тәртіп пен сарбаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заңнаманы түбегейлі өзгертуге кірісті. Бұл туралы Премьер-м

Автор Мейіржан Әуелханұлы··2 мин чтения
Әскердегі өзгеріс: Жаңа реформа сарбаздар мен ата-аналарға не береді?

Қазақстандық ата-аналарды алаңдатқан әскердегі жағдай енді үкіметтің тікелей және қатаң бақылауына алынбақ. Елдегі соңғы резонансты оқиғалардан кейін билік әскери тәртіп пен сарбаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заңнаманы түбегейлі өзгертуге кірісті.

Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында ресми түрде мәлімдеді.

Казармаға «үлкен аға» көз тігеді: Цифрлық бақылау

Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазірдің өзінде Мәжіліске үш бірдей заң жобасы енгізілді. Олардың негізгі мақсаты – әскери полиция мен командирлердің құзыретін нақты бөлу және жауапкершілікті күшейту.

Алайда, ең қызықты жаңашылдық – «Цифрлық профилактика» бағдарламасы. 2025–2028 жылдарға арналған бұл жоспар бойынша әскери бөлімдерге жаңа технологиялар дендеп енеді:

  • Жаппай бейнебақылау жүйелері орнатылады;

  • Тәртіп бұзушылықты анықтау үшін жасанды интеллект қолданылады;

  • Барлық деректер бірыңғай базаға жинақталады.

Яғни, енді казармадағы кез келген заңсыз әрекет немесе әлімжеттік камера назарынан тыс қалмауы тиіс. Сонымен қатар, «Әскердегі заң мен тәртіп» атты арнайы бағдарлама іске қосылып, жеке құрамның тәртібін жіті қадағалау көзделген.

Жазалау мен әлеуметтік қорғау: Не өзгереді?

Көпшілікті қызықтырған сұрақтардың бірі – әскери бөлімді өз бетінше тастап кеткендерге жаза күшейе ме? Үкімет басшысының сөзінше, әзірге жазаны қатаңдату жоспарда жоқ. Қолданыстағы заң бойынша онсыз да айыппұлдан бастап, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Есесіне, әлеуметтік жағынан бірқатар оң өзгерістер бар:

  • Келісімшартпен қызмет ететіндер жұмыстан теріс себептермен шығарылса, 2 жылдан кейін қайта қызметке тұра алады (бұрын бұл қиын болатын).

  • Ер әскери қызметшілердің «декреттік демалысы» мәселесі қаралуда.

  • Әлеуметтік кепілдіктерді теріс пайдалануға тосқауыл қойылады.

Психологиялық қолдау және суицидтің алдын алу

Соңғы уақытта жиілеп кеткен қайғылы жағдайларға байланысты психологиялық жұмыс та күшейтіледі. Денсаулық сақтау министрлігі 2026–2028 жылдарға арналған суицидтің алдын алу жол картасын әзірледі.

Енді әскери психологтар халықаралық деңгейдегі әдістемелер (PHQ-9, GAD-7) бойынша жұмыс істеп, сарбаздардың көңіл-күйін жіті бақылайтын болады. Ал сержанттар мен офицерлер үшін жаңа форматтағы тренингтер мен «іскерлік ойындар» ұйымдастырылмақ.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскердегі өлім-жітім мен жарақат алу фактілерін тоқтатуды қатаң тапсырған болатын. Биылдың өзінде бірнеше сарбаздың өмірі қиылып, қоғамда үлкен резонанс тудырған еді.

Похожие материалы

Әскердегі өзгеріс: Жаңа реформа сарбаздар мен ата-аналарға не береді? · Todayinfo