Алматы облысының Балқаш ауданында полицияның лауазымды шенді қызметкері әйелін машинамен басып, өлтірді, деп хабарлайды Todayinfo порталы.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға 16 мамыр күні таңғы сағат 05:00 шамасында Қонаев-Бақанас тасжолында тіркелген.
Ақпаратқа сәйкес, қызметтік Hyundai Elantra көлігін Балқаш аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Бауыржан Қабдулданов басқарған. Көлікте оның жұбайы да болған.
Дереккөздердің мәліметінше, жол үстінде ерлі-зайыпты арасында жанжал туындаған. Әйел адам көліктен түсіп қалғаннан кейін жүргізуші бірнеше шақырым алға жүріп, кейін кері бұрылған. Сол сәтте жол жиегінде отырған әйелді байқамай, көлікпен қағып кеткені айтылып отыр.
Салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмған. Оқиға орнына полиция мен прокуратура қызметкерлері барып, тергеу жұмыстарын бастаған.
Қазір аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі («Көлік құралын басқарған адамның абайсызда адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Көліктің де айтарлықтай зақымданғаны белгілі болды.




