Қазіргі кезеңде Алтын Орда тарихы мен оның мұрасы тек академиялық зерттеулердің нысаны ғана емес, сонымен бірге Еуразия кеңістігіндегі бүгінгі геосаяси, экономикалық және мәдени үдерістерді түсінудің маңызды кілтіне айналып отыр. Әсіресе жаһандық байланыстардың қайта жанданып, транзиттік дәліздердің маңызы арта түскен тұста тарихи тәжірибеге деген қызығушылық та күшейе түсуде.
Алтын Орда тарихы мен оның сабақтастығы туралы PhD доктор, халықаралық Түркі халықтарының сарапшысыДінмұхаммед Бақытұлы Әметбек пікір білдірді. Оның айтуынша, Алтын Орда мұрасы мен дала өркениетінің құқықтық, саяси және рухани жүйелері қазіргі мемлекеттік басқару, халықаралық қатынастар және мәдени диалог үшін әлі де өзекті ғылыми негіз болып қала береді.
Сарапшы сондай-ақ тарихты тек өткенді сипаттайтын ғылым ретінде емес, болашақты бағдарлайтын стратегиялық құрал ретінде қарастыру қажет екенін атап өтеді. Оның пікірінше, Алтын Орда, Көк Түрік қағанаты және Ұлы Жібек жолы тәжірибесін заманауи технологиялармен, соның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктерімен ұштастыру – мемлекет дамуының жаңа сапалық деңгейіне шығуға жол ашады.
- Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда тарихын адамзатқа ортақ мұра деп атап, бұл тақырыпты Қытай, Моңғолия, АҚШ, Жапония және Еуропа елдерінің ғалымдары зерттеп жатқанын айтты. Неліктен Алтын Орда тарихы әлемдік ғылыми қауымдастық үшін әлі күнге дейін өзекті болып отыр?
- Алтын Орда тарихының әлемдік ғылыми қауымдастық үшін әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпауына бірнеше маңызды себеп бар. Қазіргі таңда Азия мен Еуропаны жалғайтын құрлықтық сауда және көлік дәліздері қайтадан халықаралық күн тәртібіне шығып отыр. Осындай кезеңде Еуразия кеңістігінде ірі саяси, экономикалық және өркениеттік жүйе қалыптастырған мемлекеттердің тарихи тәжірибесін зерделеудің маңызы арта түседі.Соның ішінде Жошы ұлысы мен Алтын Орда, сондай-ақ олардың мұрагер мемлекеттерінің басқару, сауда, дипломатия және мәдени байланыс салаларындағы тәжірибесі ерекше назар аударуға лайық. Өйткені бұл мемлекеттер кезінде Шығыс пен Батысты байланыстырып, құрлықаралық сауда мен өркениетаралық диалогтың негізгі көпіріне айналды.
Бүгінде Қазақстан және Орталық Азиядағы түркі мемлекеттері халықаралық аренада қайтадан маңызды геосаяси әрі экономикалық рөл атқарып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі үдерістерді терең түсіну үшін тарихи тәжірибеге сүйену қажет. Алтын Орда тарихын зерттеу – тек өткенді тану емес, сонымен қатар бүгінгі жаһандық өзгерістердің мәнін ұғынуға мүмкіндік беретін маңызды ғылыми бағыт.
- Президент Алтын Орда тарихын бұрмалауға немесе оны бір халықтың ғана мұрасы ретінде көрсетуге болмайтынын ерекше атап өтті. Ортақ тарихи мұраны ғылыми әрі бейтарап тұрғыда зерттеу мемлекеттер арасындағы сенімге қалай әсер етеді?
- Жалпы, тарих мәселесі бүгінгі саяси үдерістермен тікелей байланысты. Өткен дәуірдегі ірі оқиғалар мен мемлекеттерге қатысты әр елдің өзіндік көзқарасы мен бағасы қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда, Президент атап өткендей, Алтын Орда тарихы бір ғана мемлекетке тиесілі мұра емес. Бұл – Алтын Орданың тарихи мұрагері саналатын халықтар мен мемлекеттердің барлығына ортақ өркениеттік қазына. Сондықтан Алтын Орда тарихын ғылыми әрі әділ тұрғыда зерттеу, ең алдымен, осы ортақ мұраны бөлісетін елдердің арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Әсіресе Қазақстан мен түркі әлеміндегі басқа мемлекеттер үшін бұл тарихи сабақтастықтың маңызы зор. Осы ретте Алтын Орда мұрасы өзін осы ұлы мемлекеттің мұрагері деп санайтын елдер арасындағы өзара сенім мен рухани байланысты күшейтетін маңызды факторға айналып отыр.
- Әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи мұрасына ерекше мән берілді. Президенттің «Ясауи хикметтері – Ұлы даланың мәдени коды» деген пікірін қалай түсінесіз?
- Негізінде, Ясауи хикметтері мен Ясауи жолы – Қожа Ахмет Ясауи қалыптастырған исламдық дүниетанымның көрінісі. Бұл ілім Алтын Орда дәуіріндегі негізгі рухани-идеологиялық тіректердің біріне айналды. Бүгінгі қазақ халқын құраған көптеген ру-тайпалар дәл осы Алтын Орда кезеңінде ислам дінін қабылдап, мұсылмандық құндылықтарды бойына сіңірді. Ал сол рухани құндылықтардың кең далаға таралуына Қожа Ахмет Ясауидің ықпалы ерекше болды.
Сондықтан Президенттің «Ясауи хикметтері – Ұлы даланың мәдени коды» деген пікірі өте орынды. Себебі Ясауи ілімі ислам құндылықтарын Ұлы даладағы көне түркілік дүниетаныммен, оғыз заманынан жалғасқан рухани дәстүрлермен табиғи түрде ұштастыра білді. Ясауи жолынан біз ислам мен түркілік мәдениеттің бір-бірімен терең үйлесім тапқанын көреміз. Бұл – сырттан келген жат идеология емес, керісінше, халқымыздың тарихи болмысынан, рухани табиғатынан туған төл құндылықтар жүйесі. Сондықтан Ясауи хикметтері мен Ясауи жолы шын мәнінде Ұлы даланың мәдени коды, қазақ халқының рухани өзегінің ажырамас бөлігі болып саналады.
- Мемлекет басшысы Алтын Орда дәуіріндегі меритократия, заң үстемдігі және Құрылтай институтын дала демократиясының үлгісі ретінде атады. Осы тарихи тәжірибенің қазіргі мемлекеттік басқару жүйесі үшін қандай сабақтары бар?
- Бұл тақырыптың өте маңызды тұстары бар. Негізі, дала демократиясы, Алтын Орда кезеңіндегі заңдар, заң үстемдігі мен меритократия – бәрі біз үшін аса маңызды құндылықтар болып табылады. Қазақ тілінде «төресіз ел болмас, төбесіз жер болмас» деген жақсы сөз бар. Осы жердегі «төре» ұғымы көне қазақ тілінде заң, тәртіп, билік жүйесі деген мағынаны да білдіреді, яғни «заңсыз ел болмайды» деген ойды меңзейді.
Жалпы, көшпенділердің, дала өркениетінің ең басты құндылықтарының бірі – заңның үстемдігі болған. Кейбір тіл мамандарының пікірінше, «түрік» сөзінің түбірі де «төре», яғни заң, тәртіп, әділдікке негізделген басқару деген ұғыммен байланыстырылады. Осы тұрғыдан алғанда түркі өркениеті, дала өркениеті – ең алдымен заң үстемдігімен және тәртіп мәдениетімен ерекшеленетін жүйе.
Сонымен қатар, бұл мемлекеттік түсінікте ақылдасу, кеңесу институты өте маңызды рөл атқарған. «Кеңес» деген ұғымның өзі – ақылдасу, пікір алмасу деген мағына береді. Өкінішке қарай, кеңес сөзі кеңестік дәуірде бұрмаланып, тек саяси жүйенің атауы ретінде қабылданып кетті, ал оның түпкі мағынасы – ортақ ойласып шешім қабылдау екенін жиі ұмытып жатамыз.
Мысалы, «кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген мақал бар. Оның мәні – ақылдасып, ортақ шешім қабылданса, қателік аз болады деген ой. Дәл осы кеңесу дәстүрі Құрылтай институтында көрініс тапқан: маңызды шешімдер жеке билікпен емес, ортақ ақылдасу, пікір алмасу арқылы қабылданған.
Бүгінде осы құндылықтарды Алтын Орда дискурсы арқылы қайта зерделеу маңызды. Меритократия, заң үстемдігі, Құрылтай сияқты ұғымдарды тек тарихи түсінік ретінде емес, қазіргі мемлекеттік мәдениеттің ажырамас бөлігі ретінде қайта жаңғырту қажет. Біз бұл ұғымдарды ұмытпай, керісінше, қайтадан күн тәртібіне енгізіп, мемлекеттік дәстүрімізге, қоғамдық санамызға сіңіруіміз керек.Қорытындылай келе, бұл түсініктердің барлығы бізге терең тарихи және рухани сабақтар береді.
- Президент Алтын Орданың экономикасы мен сауда жүйесіне арнайы тоқталып, Жошы ұлысы алғашқылардың бірі болып жаһандық нарық қалыптастырғанын айтты. Бұл Қазақстанның қазіргі транзиттік және логистикалық әлеуетімен қаншалықты үндеседі?
- Тарихқа көз жүгіртсек, Шығыс пен Батысты жалғаған Ұлы Жібек жолы Еуразия кеңістігі арқылы, соның ішінде қазақ даласымен, сондай-ақ Алтын Орда мен одан бұрынғы Көк Түрік қағанатының аумағымен өткенін көреміз. Осыдан бір маңызды заңдылық байқалады: дала империяларының күшеюі мен халықаралық сауда жолдарының дамуы арасында тікелей байланыс болған.
Бабаларымыз осы кең далалық кеңістікте тасымал дәліздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз еткен кезеңде, олар ірі өркениеттік және саяси күшке айналды. Керісінше, сауда жолдары әлсіреп, қауіпсіздік пен тұрақтылық төмендеген шақтарда бұл аймақтың халықаралық аренадағы рөлі де бәсеңдей түсті. Бұл үдеріс кейін теңіз жолдарының дамуы мен құрлықтық бағыттардың маңызының біршама төмендеуімен де сабақтас болды.
Бүгінгі күні жағдай қайтадан өзгеріп келеді. Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасы, сондай-ақ Еуропа елдерінің Азияға бағытталған жаңа экономикалық жобалары Еуразия кеңістігінің, әсіресе Орталық Азия мен Қазақстанның геосаяси маңызын қайта арттырып отыр. Осы мүдделер дәл біздің өңірде тоғысады.
Осы тұрғыдан алғанда, Жошы ұлысы мен Алтын Орда тарихынан шығатын басты сабақ – транзиттік кеңістікті тиімді пайдалану және оны қауіпсіз, тұрақты әрі ашық логистикалық жүйеге айналдыру. Қазақстан мен басқа да түркі мемлекеттері Еуразияның дәл ортасында орналасқандықтан, бұл мүмкіндік ерекше стратегиялық мәнге ие.
Егер біз өткен тарихтан дұрыс сабақ алып, Қытайдан Еуропаға дейінгі және Еуропадан Қытайға дейінгі тауар қозғалысының жылдамдығын, қауіпсіздігін және тиімділігін қамтамасыз ете алсақ, онда қазіргі жаһандық үдерістерден ұтылмаймыз. Керісінше, біз де бабаларымыз сияқты Еуразия кеңістігіндегі маңызды транзиттік орталыққа айналып, мықты әрі бәсекеге қабілетті мемлекет қалыптастыра аламыз.
- Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда мұрасын зерттеуді цифрландыру, жасанды интеллект және креативті индустриялармен байланыстыру қажет екенін атап өтті. Тарих пен заманауи технологияны ұштастырудың қандай нақты мүмкіндіктері бар деп ойлайсыз?
- Біз көбіне тарихты зерттеу дегенде тек өткен шаққа үңілумен шектеліп қаламыз. Алайда тарихты зерделеудің түпкі мәні – өткенді қайталау емес, одан сабақ алып, болашақты дұрыс құру. Басқаша айтқанда, тарих біз үшін мақтанатын мұра ғана емес, ол – бағыт беретін рухани әрі стратегиялық бағдар.
Өкінішке қарай, кейде біз тарихымызбен мақтанып, оны дәріптеумен ғана шектеліп қаламыз. Бірақ одан да маңызды сұрақ бар: ертеңгі ұрпақ бізден «Бабаларымыз ұлы қағанаттар мен империялар құрды, ал сендер қандай мемлекет қалыптастырдыңдар?» деп сұрауы мүмкін. Сондықтан өткенге сүйсіну жеткіліксіз, сол биікке лайық болашақ жасау – басты міндет.
Осы тұрғыдан алғанда, Алтын Орда мен Көк Түрік қағанаты сияқты тарихи мемлекеттердің тәжірибесі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Біз сол деңгейге сай заманауи, бәсекеге қабілетті мемлекет қалыптастыру үшін тарихтан тағылым алып, оны бүгінгі заманның мүмкіндіктерімен ұштастыруымыз қажет.
Қазіргі таңда технологиялық даму, соның ішінде жасанды интеллект, бұл бағытта жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Мысалы, тарихи деректерді жүйелеп қана қоймай, оларды талдау арқылы бүгінгі күнге қажет шешімдер мен бағыттарды ұсынуға болады. Яғни тарихты тек өткеннің хроникасы ретінде емес, болашаққа жол көрсететін интеллектуалдық құрал ретінде пайдалануға мүмкіндік бар.
Сондықтан тарих – жай ғана өткен шақ емес, ол – болашақтың картасы. Біз сол картаны дұрыс оқып, оны заманауи біліммен, технологиямен ұштастыра алсақ, өз болашағымызды саналы түрде қалыптастыра аламыз. Бұл – бүгінгі заманның талабы әрі Президент атап өтіп жүрген маңызды ұстанымдардың бірі.




