Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты соңғы жылдардағы ең резонансты қылмыстық істердің бірі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Сұлтан Сәрсемәлиев төрт адамды өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Сот оны алаяқтық, ұрлық, мал ұрлау, құжаттарды заңсыз иемдену және жасыру, сондай-ақ өзге де қылмыстар бойынша кінәлі деп таныды.
Сәрсемәлиев жазасын төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Сот процесі барысында Сәрсемәлиев Наурызды өлтіргенін мойындамай, оның айтуынша, жанжал кезінде өзін қорғау мақсатында әрекет еткенін және өлімге әкелген жарақат сол кезде салынғанын мәлімдеді. Алайда сот бұл нұсқаны қабылдамады.
Тергеу нұсқасына сәйкес, алдымен Сәрсемәлиев пен Наурыздың арасында сөзге келіспеушілік туындап, соның барысында ол ер адамды өлтірген. Кейін қылмыстың ашылып қалуынан қауіптеніп, ізін жасыруға шешім қабылдаған. Тергеу мәліметінше, содан кейін ол алғашқы қылмысты жасыру мақсатында Наурыздың ата-анасын да өлтірген. Ал соңғы құрбан – Наурыздың ата-анасының жоғалып кеткеніне алаңдап, олардың қайда екенін сұрай бастаған Мирамгүл болған. Айыптау тарапының пайымынша, дәл осы жағдай оның өлтірілуіне себеп болған.
Тергеу мәліметінше, қылмыстарды жасағаннан кейін Сәрсемәлиев қаза тапқандардың атына несие рәсімдеген. Берешектің жалпы сомасы шамамен 4 миллион теңгені құраған. Кейін банк бұл несиелерді есептен шығару туралы шешім қабылдаған, өйткені олар құжат иелері қайтыс болғаннан кейін рәсімделген.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.




