Todayinfo.kz
НовостиСмотреть все материалы

Билл Клинтон: "Бұл АҚШ-тың емес, Нетаньяхудың соғысы. Ол Трампты алдады"

АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон Трамптың Иранға қарсы саясатын сынады. Оның айтуынша, Нетаньяху Трампты алдап, жеке соғысына араластырған.

Автор Мұхтар Жексенбай··2 мин чтения
Билл Клинтон: "Бұл АҚШ-тың емес, Нетаньяхудың соғысы. Ол Трампты алдады"

АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон Дональд Трамптың Иранға қатысты саясатын қатаң сынап, оны Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху өз мүддесіне пайдаланып отыр деп айыптады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Клинтонның айтуынша, оны ең таңғалдырған жайт – АҚШ президенті Дональд Трамптың Израиль премьеріне әлеуметтік желі арқылы БАС ӘРІПТЕРМЕН ескерту жасауы. Израиль Иран мен Қатардың ортақ "Оңтүстік Парс" газ кен орнына соққы жасағаннан кейін, Трамп Нетаньяхуға "Мен мұны білмей қалдым. Сен енді газға тиіспе" деп жазған. Ал Нетаньяху бұған "Иә, айтсаңыз болды, енді тиіспейміз" деп қысқа қайырған. Алайда, кейін Израиль тарапы Associated Press агенттігіне "барлық әрекет АҚШ-пен келісілген" деп мәлімдеген. Бұл қайшылық жағдайдың қаншалықты шатасқанын көрсетеді.

Экс-президент бұл қақтығыстың АҚШ үшін ауыр зардаптарын да атап өтті. Қазірдің өзінде 13 америкалық сарбаз қаза тауып, 200-ге жуығы жараланған. Одан бөлек, АҚШ әскери беделіне үлкен нұқсан келді: тарихта алғаш рет америкалық F-35 жойғыш ұшағына Иран зымыраны тиген. Бұл ұшақты жасауға және "оқ тимеуін" қамтамасыз етуге халықтың салығынан 2 триллион доллар жұмсалған болатын.

Қаржылық шығындар да артып келеді. Пентагон соғысты жалғастыру үшін Конгрестен 200 миллиард доллар сұрап отыр, бірақ Клинтонның пайымдауынша, Конгресс бұл соманы бөлмейді. Осы оқиғалар аясында мұнай бағасы бір баррель үшін 120 долларға дейін көтерілді.

Билл Клинтон "Бұл соғыс кімге керек?" деген сауал қойып, оған өзі жауап берді. Оның пікірінше, бұл соғыс тек Биньямин Нетаньяхуға тиімді.

"Соңғы жылдары Биби өз елінде істі болды. Оның Газаға қатысты саясаты сәтсіздікке ұшырап, 7 қазандағы ХАМАС шабуылынан кейін саяси мансабы аяқталған еді. Бірақ осы соғысты бастағаннан кейін ол саяси аренада қайта "тірілді". Израиль халқының 90%-ы оның бұл соғысын қолдап отыр", - дейді Клинтон.

Ал АҚШ-та жағдай мүлде басқаша: Дональд Трамптың рейтингі төмендеп, халықтың басым көпшілігі соғысқа қарсы. Осыған байланысты Клинтон батыл мәлімдеме жасады.

"Бұл – АҚШ-тың соғысы емес, Биби Нетаньяхудың соғысы. Ол Трампты бұл соғысқа алдап-арбап кіргізіп жіберді. Мұндай жағдай АҚШ тарихында болмаған", - деп түйіндеді ол.

Клинтонның сөзінше, Израиль соққы жасаған газ кен орны – толықтай азаматтық нысан. Ол экспортқа емес, халықтың ішкі қажеттілігін (газ, су, электр қуаты) өтеуге арналған. Сондықтан бұл әрекетті кешіруге болмайтын қылмыс деп атады.

Ол Трампты соғысты дереу тоқтатып, дипломатияға көшуге шақырды. Әйтпесе, АҚШ шығыны 200 миллиард доллармен шектелмей, триллиондарға жетуі мүмкін екенін ескертті.

Фото: Әлеуметтік желіден

Похожие материалы

Билл Клинтон: "Бұл АҚШ-тың емес, Нетаньяхудың соғысы. Ол Трампты алдады" · Todayinfo