Todayinfo.kz
НовостиСмотреть все материалы

Бір жылда 14 рет сыйақы: Мәжіліс депутаты «Ақжайық» ӘКК-ны сынға алды

Бір жылда 14 рет сыйақы: Депутат бюджет ақшасын шашқандарды әшкереледі Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев еліміздегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) жұмысын қатаң сынға алып, кейбір басшылардың бір жылда 14 рет сыйақы алғанын мәлімдеді. Халық қалаулысының сөзінше, ме

Автор Мейіржан Әуелханұлы··2 мин чтения
Бір жылда 14 рет сыйақы: Мәжіліс депутаты «Ақжайық» ӘКК-ны сынға алды

Бір жылда 14 рет сыйақы: Депутат бюджет ақшасын шашқандарды әшкереледі

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев еліміздегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) жұмысын қатаң сынға алып, кейбір басшылардың бір жылда 14 рет сыйақы алғанын мәлімдеді. Халық қалаулысының сөзінше, мемлекеттен қыруар қаржы алса да, бұл мекемелердің басым бөлігі пайда әкелудің орнына шығынға батып отыр. Бұл туралы Ertenmedia.kz порталы жазды деп хабарлайды Todayinfo.

«Жұмыс жоқ, бірақ сыйақы түгел»

Жоғары аудиторлық палата жүргізген ауқымды тексеріс нәтижелері көңіл көншітпейді. Соңғы бес жылда мемлекет әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды қолдауға 528 миллиард теңге бөлген. Алайда, тексерілген 13 корпорацияның сегізі жалпы сомасы 209 миллиард теңге шығынға ұшыраған.

Депутаттың пікірінше, көптеген ӘКК нақты өндірісті дамытудың немесе халыққа жұмыс орнын ашудың орнына, бюджеттен бөлінген қаржыны банктердегі депозиттерге салып, соның пайызын жеп отырған.

«Егер ӘКК-ның барлық қызметі тек депозит ашумен шектелсе, мұндай делдалдың мемлекетке керегі қанша? Тұрғындарға қандай әлеуметтік пайда әкелді деген сұраққа мардымды жауап жоқ», – деді Елнұр Бейсенбаев.

Қазақстандағы ең «жомарт» корпорация қайсы?

Мәжіліс қабырғасында әсіресе «Ақжайық» ӘКК-ның жұмысы қызу талқыға түсті. Тексеріс барысында бұл корпорацияда жер телімдерін бөлу кезінде бірқатар заңсыздықтар анықталған. Бірақ бұл «кемшіліктер» басшылықтың қалтасын қампайтуға кедергі болмаған сыңайлы.

Депутат келтірген деректерге сүйенсек, дәл осы «Ақжайық» басшылығы бір жыл ішінде өзіне 14 мәрте сыйақы жазып алған.

«Мұны жер мәселесіндегі айрықша «жетістігі» үшін берілген болар. Өйткені дәл осы корпорацияда жер қатынасына байланысты өрескел қателіктер көп», – деп ашына айтты депутат.

Қазіргі таңда тексеріс қорытындысы бойынша бюджетке 61 миллиард теңге қайтарылған.

Қарызға өмір сүріп, дивиденд бөлгендер

Жиында тек ӘКК ғана емес, мемлекеттік қолдауға ие болған кейбір жеке компаниялардың да әрекеті сөз болды. Мысалы, «ҚазАзот» ЖШС-не қатысты қызықты факт жарияланды. Компания 2022 жылы мемлекеттен 5,4 миллиард теңге жеңілдетілген несие алған. Алайда, дәл сол жылы өз акционерлеріне 10 миллиард теңге көлемінде дивиденд төлеген.

Мәжілісменнің айтуынша, мемлекет алдында қарызы бар кезде топ-менеджерлер мен құрылтайшылардың қалтасын толтыру – ақылға қонымсыз әрекет.

Айта кетейік, Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов та бұл мәселеге назар аударып, тиімсіз менеджмент Үкіметті «қып-қызыл» шығынға батырып жатқанын ескерткен болатын.

Похожие материалы