Астанада Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді мен Қуандық Бишімбаевтың туысы Аружан Бишімбаева арасындағы сот дауы аяқталып, талап арыз ішінара қанағаттандырылды. Даудың туындауына Айтбек Амангелдінің өткен жылдың күзінде жарық көрген «Ее звали Салтанат» атты естелік кітабы себеп болған. Аружан Бишімбаева әлеуметтік желідегі парақшасында бұл туындыны сынға алып, авторды қайғылы жағдайды жеке мүддесі мен қаржылық пайдасы үшін қолданды деп айыптаған болатын. Сондай-ақ ол Амангелдіні желіде «хайп қуды» және «боттарды пайдаланды» деп кінәлаған бірнеше жазба жариялады.

Бұл мәлімдемелерді ар-намысына нұқсан келтіретін жалған ақпарат деп санаған Айтбек Амангелді сотқа шағым түсірді. Іс барысында тағайындалған сараптамалар Бишімбаеваның жарияланымдарында талапкерге қатысты теріс мазмұндағы пікірлер бар екенін растады. Жауапкер тарап бұл жазбаларды тек жеке көзқарас ретінде бағалауды сұрағанымен, сот кейбір мәлімдемелерді негізсіз деп таныды.

Нәтижесінде сот Instagram желісіндегі бірнеше жазбаны шындыққа жанаспайды деп тауып, оларды теріске шығаруды міндеттеді. Шешімге сәйкес, Аружан Бишімбаевадан моральдық зиян ретінде 100 мың теңге, сондай-ақ сараптамалар мен құқықтық көмек шығындары үшін 1 миллион теңгеден астам өтемақы өндірілді. Қазіргі уақытта сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.