Todayinfo.kz
НовостиСмотреть все материалы

Блогер: "Анам жатқан ауруханада бинт жоқ, медбикелер дәріні үйден әкеледі"

Қостанай облысындағы ауруханада дәрі-дәрмек тапшылығы туралы жазбадан кейін Денсаулық сақтау министрлігі жоспардан тыс тексеру бастады.

Автор Мұхтар Жексенбай··1 мин чтения
Блогер: "Анам жатқан ауруханада бинт жоқ, медбикелер дәріні үйден әкеледі"

Денсаулық сақтау министрлігі танымал блогердің жазбасынан кейін Қостанай облысындағы Рудный қалалық ауруханасына жоспардан тыс тексеріс жүргізетін болды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Бірнеше күн бұрын блогер Татьяна Турлай Рудный қалалық ауруханасының терапия бөліміндегі жағдай туралы жазба жариялаған еді. Оның айтуынша, анасы сол ауруханада үш аптадан бері емделіп жатыр.

"Осы уақыт ішінде мен күнде ауруханаға барып, қызметкерлермен және пациенттермен сөйлесіп жүрмін. Мені қатты алаңдатқан жайт – бөлімшеде қарапайым медициналық құралдар мен дәрі-дәрмек жетіспейді. Әңгіме физиологиялық ерітінді, бинт, тамшылатқыш жүйелері (система) сияқты ең қажетті заттар туралы болып отыр. Тапшылықтан мейірбикелер қолда бар заттармен орауға және таңуға мәжбүр. Тіпті кейбір қызметкерлер жалақысының аздығына қарамастан, науқастарға көмектесу үшін қажетті заттарды үйінен әкеледі. Ал пациенттер медициналық сақтандыруға үнемі ақша төлеп отырса да, дәрілердің бір бөлігін өздері сатып алуға мәжбүр", - деп жазды блогер.

Татьяна Турлай медицина қызметкерлерінің қолда бар мүмкіндікпен барынша жұмыс істеп жатқанын, бірақ мұндай жағдайда еңбек ету өте қиын екенін атап өтті.

Бұл жазбадан кейін Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті ресми мәлімдеме жасады.

"Комитет медициналық ұйымның дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен үздіксіз қамтамасыз етілуіне қатысты аудит жүргізеді. Қостанай облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта аурухана бөлімшелері медициналық көмек көрсетуге жеткілікті көлемде қажетті дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілген. Тексеру нәтижесі бойынша Комитет тиісті шараларды қабылдайды", - делінген министрлік хабарламасында.

Фото: Әлеуметтік желіден

Похожие материалы

Блогер: "Анам жатқан ауруханада бинт жоқ, медбикелер дәріні үйден әкеледі" · Todayinfo