«Бұлақ көрсең, көзін аш» деген халқымыздың ғасырлар бойы ұстанған қағидасы бүгінгі күні жаңа мазмұнға ие болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында Ақмола облысының Бурабай ауданында өткен «Мөлдір бұлақ» республикалық экологиялық акциясы табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастырудың жарқын үлгісіне айналды.

Акция барысында өңір тұрғындары, еріктілер, жастар ұйымдары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен қоғам белсенділері бірігіп, бұлақтың көзін ашып, айналасын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Салтанатты жиында Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов экологиялық мәдениетті қалыптастыру әр азаматтың жеке жауапкершілігінен басталатынын атап өтті.

48d3a006-8bae-42df-a4c7-fb319823e27f.jpeg

– «Таза Қазақстан» дегеніміз тек қоқыс жинау емес. Бұл – сананы жаңғырту, өзін өзгерту, туған жеріне деген сүйіспеншілік пен жанашырлық. Біздің тұрғындар да бұл бастамадан шет қалмауы керек. Қалалар мен ауылдарда өзен-көлдерді, орман мен даланы тазарту – азаматтық борышымыз, – деді Елдос Рамазанов.

Оның айтуынша, өңірде экологиялық жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бағдарлама аясында ондаған мың аула тазартылып, жүздеген саябақ пен сквер абаттандырылды, тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағы ретке келтірілді. Мыңдаған тонна қоқыс шығарылып, ондаған мың көшет отырғызылды.

Шараға қатысқан Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев та акцияның мәніне тоқталып, қазақ халқының «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген нақылы бүгінгі экологиялық бастаманың өзегіне айналғанын айтты. Оның сөзінше, табиғи су көздерін сақтау – ұлттың табиғатқа деген құрметінің көрінісі және бұл игі іс алдағы уақытта да жалғасын табады.

Экологиялық акцияның басты күші – белсенді жастар. Солардың бірі, ерікті Мәди Балакаев мұндай бастамалар адамдардың табиғатқа деген көзқарасын өзгертетінін айтады.

– Біз үшін ең бастысы – табиғатқа жанашырлық таныту. Бір күннің ғана емес, болашақтың қамын ойлауымыз керек. Сондықтан бұлақтың көзін ашып, айналасын тазарту арқылы туған жеріміздің көркеюіне өз үлесімізді қосып жатырмыз, – дейді Мәди Балакаев.

Акция барысында қатысушылар бұлақ маңын күл-қоқыстан тазартып қана қоймай, оның айналасын ретке келтіріп, табиғи су көздерін сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын да жүргізді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралардың негізгі мақсаты – тек тазалық жұмыстарын ұйымдастыру емес, халықтың экологиялық мәдениетін арттыру және табиғатты қорғауды өмір салтына айналдыру.

«Мөлдір бұлақ» акциясы бүгінде қарапайым сенбіліктен әлдеқайда ауқымды бастамаға айналды. Ол туған жерге деген жанашырлықты, табиғатқа жауапкершілікпен қарауды және қоғамның ортақ іске жұмыла алатынын көрсетеді. Бурабайдағы игі бастама – соның жарқын дәлелі. Ақмолалықтар табиғатты қорғау тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, әр азаматтың күнделікті өмір салты болуы тиіс екенін нақты іспен тағы бір мәрте дәлелдеді.