Белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы Досай Кенжетай Қызылордада өткен құрылтайдан кейін құрылған арнайы комиссияның жұмысына алаңдаушылық білдіріп, Қазақстанның унитарлық мемлекет ретіндегі табиғатына қауіп төніп тұрғанын ескертті, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Ғалымның айтуынша, соңғы кездері оның ұйқысы қашқан. Оған себеп – құрылтайдан кейін заңдағы баптарды қайта қарау үшін құрылған комиссияның құрамы.
"Соңғы кезде «Қызылорда Құрылтайынан» кейін менен ұйқы қашты. Себебі құрылтайдың артынша «комиссия» құрылды. Арасында сала мамандары бар әрине, бірақ сала түгіл құқықтан мұрнына иіс бармайтын, «сайра тілім, сайра» дейтін саны көп азаматтар кіріп кеткен", - дейді ол.
Досай Кенжетай бұған дейін де зайырлылық, дін мен мемлекет қатынастары туралы өз ұстанымын білдіргенін, оның мақсаты «білгіштігін» көрсету емес, комиссиядағы баяндамалардың сын көтермейтініне назар аударту болғанын атап өтті.
Оның пікірінше, бүгінде одан да маңызды мәселе бар. Бұл – Қазақстанның унитарлық табиғатына сына қағу арқылы түрлі терминдермен халықты шатастыру әрекеті.
Профессор унитарлы мемлекет ұғымына арнайы тоқталып, оның маңызын түсіндірді. Бұл термин латынның «unitas», яғни «бірлік» деген сөзінен шыққан. Ол – мемлекеттің егемендігі, аумағы және билік жүйесі бөлінбейтін, біртұтас сипатқа ие мемлекеттік құрылымды білдіреді. Яғни, унитарлы елде бір ғана конституциялық-құқықтық кеңістік және бір орталықтандырылған билік жүйесі болады.
Саяси-философиялық тұрғыдан алғанда, унитарлы құрылым – ортақ тарихи тағдыры бар бір халықтың өз болашағын бір мемлекет ішінде бірге жүзеге асыру формасы.
"Қазақстан үшін унитарлы құрылым – тұтас тарихи ұлттың өмір сүру формасы, жерінің қауіпсіздік кепілі, мемлекет құрушы ұлт пен өзге де диаспоралардың бір қоғамда ортақ азаматтық сақтауының жалғыз конституциялық моделі", - деп түйіндеді Досай Кенжетай.
Фото: Әлеуметтік желіден




