ОСДП фракциясының жетекшісі Асхат Рахимжанов Қазақстан азаматтарының «Эпштейн файлдарында» аталуына байланысты ҚР Бас прокуроры Берик Асылов пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сагимбаев атына депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Todayinfo.kz ақпараттық порталы хабарлайды.
Депутаттық сауалда халықаралық аренада «Эпштейн файлдары» деп аталатын құжаттардың жариялануына қатысты дау-дамайдың жалғасып жатқаны айтылған. Бірқатар мемлекеттерде парламенттік тексерулер мен қылмыстық қудалау шаралары басталғаны атап өтіледі. ОСДП фракциясы бұл мәселені назардан тыс қалдыруға болмайды деп санайды, себебі ол ұлттық қауіпсіздік пен ел беделіне тікелей қатысты болуы мүмкін.
Сауалда «Ескі Қазақстан» кезеңіндегі саяси элита өкілдерінің аты-жөні аталады. Атап айтқанда, бұрынғы премьер-министр әрі ҰҚК-нің экс-төрағасы Карим Масимов пен бұрынғы вице-премьер, Ұлттық банк төрағасы болған Кайрат Келимбетовтің Джеффри Эпштейнмен ықтимал байланыстары туралы шетелдік басылымдарда жарияланған мәліметтерге назар аударылады. Құжатта ашық дереккөздердегі ақпараттар, кездесулер мен хат алмасулар жөніндегі деректер келтірілген.
Сонымен қатар халықаралық жарияланымдарда есімі аталған қазақстандық модель Руслана Коршунова туралы да сөз болады. Ол АҚШ-та қайғылы жағдайда қаза тапқан.
Фракция Бас прокуратура мен ҰҚК-ден қазақстандық лауазымды тұлғалардың Эпштейнмен ықтимал байланыстары туралы ақпаратты тексеруді, кездесулердің сипаты мен мақсатын анықтауды, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікке төнуі мүмкін қатерлерге құқықтық баға беруді сұрайды.
Бұдан бөлек, депутаттар жүргізілген тексеріс нәтижелері мен алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қабылданған шаралар туралы Парламент пен қоғамға ақпарат беруді талап етті.




