Todayinfo.kz
НовостиСмотреть все материалы

"Ереже жоқ, бәрі мүмкін": ЕО елшісі Тоқаевтың БҰҰ-ны басқаруы туралы айтты

Еуропалық Одақ пен Украина елшілері Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысы болу мүмкіндігін талқылады. ЕО елшісі бұл мәселеде "ешқандай ереже жоқ" деп санайды.

Автор Мұхтар Жексенбай··1 мин чтения
"Ереже жоқ, бәрі мүмкін": ЕО елшісі Тоқаевтың БҰҰ-ны басқаруы туралы айтты

Еуропалық Одақ пен Украина елшілері Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы лауазымына келу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич БҰҰ-да бас хатшыны таңдаудың қатаң ережелері жоқ екенін, алайда аймақтық мүдденің бар екенін алға тартты. Оның айтуынша, Шығыс Еуропа бұл лауазымға әлі ұсынылмаған.

"Менің білуімше, президент Тоқаев сұхбаттарының бірінде үміткер емес екенін, бірақ мұны жоққа да шығармайтынын айтқан. Ол – дипломат, мықты тұлға және қазіргі президент. Тарихта бас хатшылар көбіне бұрынғы мемлекет немесе үкімет басшыларының арасынан шығатын. Сондықтан бәрі мүмкін", – деп атап өтті Симкич.

Дипломат қазіргі жаһандық дағдарыс кезінде ЕО үшін ұйымды "БҰҰ-ның бұрынғы айбынын қайтара алатын" адамның басқарғаны өте маңызды екенін жеткізді.

Ал Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майко сарапшы ретінде жеке пікірін білдіре отырып, Қазақстан басшысының халықаралық ортадағы беделіне назар аударды.

"Егер Қасым-Жомарт Тоқаев сияқты тұлға БҰҰ-ны нығайтуға көмектессе, мен еш қарсы болмас едім. Ол – беделі мінсіз, жоғары білікті маман", – деді Майко.

Бүгінде Бас хатшы қызметін португалиялық Антониу Гутерриш атқарады. Оның ізбасарын таңдау процедурасы қатаң регламенттелген және әлемдік ірі державалардың ортақ келісімін талап етеді. Процедураның ең күрделі тұсы – үміткер үшін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің барлық тұрақты мүшесі, яғни АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Франция бір ауыздан дауыс беруі керек. Үміткерлерден өтінім қабылдау сәуір айының соңына дейін жалғасады, ал жаңа басшының есімі жыл соңында белгілі болады.

Фото: Әлеуметтік желіден

Похожие материалы

"Ереже жоқ, бәрі мүмкін": ЕО елшісі Тоқаевтың БҰҰ-ны басқаруы туралы айтты · Todayinfo