Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) жанкүйерлердің сынынан кейін Солтүстік Америкада өтетін Әлем чемпионатының билет бағасына қатысты маңызды өзгеріс енгізді. Енді кейбір жанкүйерлер қымбат билеттердің орнына матчтарды небәрі 60 долларға тамашалай алады.
Бұл – футболсүйер қауым үшін күтпеген жаңалық болды, өйткені бұған дейін билет бағасы шарықтап кеткен еді.
Арзан билет кімдерге бұйырады?
ФИФА-ның ресми мәліметінше, Солтүстік Америкадағы әрбір матчқа «жанкүйерлер билеті» санаты бойынша жүздеген арнайы орын бөлінеді. Бұл билеттердің құны 60 долларды құрайды. Алайда, оны кез келген адам кассадан сатып ала алмайды.
Федерация бұл билеттерді ұлттық құрамалардың ең адал жанкүйерлеріне үлестіруді жоспарлап отыр. Яғни, әр елдің футбол федерациясы өз командасын тұрақты қолдап жүрген фанаттар тізімін жасап, арзан билеттерді соларға ұсынады. ФИФА бұл қадамды «ұлттық құрамаларға дем беретін нағыз жанкүйерлерді қолдау» деп түсіндірді.
Егер Қазақстан құрамасы алдағы іріктеу кезеңдерінен сәтті өтіп, мундиальға жолдама алса, біздің жанкүйерлер де осы жеңілдікті пайдалануға мүмкіндік алуы ғажап емес.
ФИФА неге шегініс жасады?
Бұл шешім жанкүйерлердің жаппай наразылығынан кейін қабылданды. Өткен аптада әлемдік футбол қоғамдастығы ФИФА-ны уәдесінде тұрмады деп айыптаған болатын. Бастапқыда ең арзан билет 21 доллар болады деп айтылғанымен, сатылымдағы баға 120-265 доллар аралығында болды. Тіпті кейбір билеттердің құны 4000 доллардан асып түскен еді.
Еуропалық жанкүйерлер «динамикалық баға» саясаты мен қайта сату платформаларындағы үстеме ақыларға қарсы шықты. Қысымға шыдамаған ФИФА ақыры ортақ мәмілеге келуге мәжбүр болды.
Сонымен қатар, енді жанкүйерлер 19 шілдеден кейін сатып алған, бірақ пайдаланбаған билеттерін толық қайтара алады. Бұл ретте ешқандай әкімшілік комиссия ұсталмайды.




