Todayinfo.kz
НовостиСмотреть все материалы

«Көмір жағып, тар бөлмеде отырдық»: Жетісудағы фельдшер жаңа ғимаратқа көшті

Жетісу облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасымен 59 нысан салынды. 40 жылдан астам көмірмен жылытылған ескі ғимараттар жаңартылды.

Автор Мұхтар Жексенбай··1 мин чтения
«Көмір жағып, тар бөлмеде отырдық»: Жетісудағы фельдшер жаңа ғимаратқа көшті

Жетісу облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 59 жаңа медициналық нысан салынды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 2023-2025 жылдар аралығында 15 дәрігерлік амбулатория, 39 фельдшерлік-акушерлік және 5 медициналық пункттің құрылысы аяқталған. Бұл жоба шалғайдағы ауыл тұрғындарының медициналық қызметке қолжетімділігін арттыруды көздейді. Жаңа нысандар Кербұлақ (17), Панфилов (11), Алакөл (9), Қаратал (6), Ескелді (5), Ақсу, Көксу (4-тен) және Сарқан (3) аудандарында бой көтерді.

Соның бірі – Панфилов ауданындағы 1200 тұрғыны бар Диханқайрат ауылында ашылған жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт. Бұған дейін ауыл халқына 1980 жылы салынған, тозығы жеткен ескі ғимаратта қызмет көрсетіліп келген.

30 жылдан астам тәжірибесі бар фельдшер Гулинұр Қамбарова жаңа ғимаратты көптен күткенін айтады.

"Біз бұрынғы ғимаратты көмірмен жылытып, тар бөлмелерде қолайсыз жағдайда тұрғындарға медициналық көмек көрсетіп келдік. Заманауи медициналық жабдықтар болмағандықтан, тұрғындарды көбіне аудан орталығына жіберетінбіз. Қазір жаңа пунктте алғашқы көмек көрсетуге қажеттінің бәрі бар. Мекеме электрмен жылытылады, кең, жарық әрі өте қолайлы", - дейді ол.

Жаңа ғимарат қабылдау, емдеу, вакцинация және басқа да қажетті бөлмелермен, сондай-ақ заманауи құралдармен толық жабдықталған. Бұл жаңалыққа ауыл тұрғындары да дән риза.

"Ауылымызда жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Бұрынғы мекеме тар, ескі ғимарат еді. Қазіргісі кең, заманауи жабдықтары бар. Ауыл тұрғындарының денсаулығына осындай жағдай жасалғанына қуаныштымыз", - дейді ауыл тұрғыны Баян Көбенбаева.

Айта кетерлігі, ұлттық жоба аясында Панфилов аудандық көпсалалы ауруханасы да қайта жаңартылып, жаңа корпус құрылысы жүріп жатыр.

Фото: Дмитрий Ерофеев

Похожие материалы

«Көмір жағып, тар бөлмеде отырдық»: Жетісудағы фельдшер жаңа ғимаратқа көшті · Todayinfo