Димаш Құдайбергеннің Латын Америкасындағы жанкүйерлері оның туған күніне орай табиғатты қорғауға бағытталған бірқатар экологиялық бастама көтерді.

24 мамырда 32 жасқа толған өнер иесінің құрметіне Солтүстік және Оңтүстік Америкадағы фанаттар ормандарды қалпына келтіру жобаларына қолдау көрсетуді қолға алған. Олар ағаш отырғызу жұмыстарын қаржыландырып, түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастыруда.

Ірі бастамалардың бірі Аргентинадағы Патагония өңіріндегі орман алқаптарын қалпына келтіруге бағытталған. Аргентина, Уругвай және Мексикадан жиналған жанкүйерлер жергілікті экологиялық ұйымға 82 көшет сыйлап, оларды табиғи апаттардан зардап шеккен аумақтарға отырғызуға мүмкіндік жасаған. Жоба маусым айының соңына дейін жалғасады.

Сондай-ақ бірнеше фан-клуб әншінің жасына сәйкес қосымша 32 ағаш отырғызуға демеушілік көрсетті.

Бұдан бөлек, Together for Dimash қауымдастығының мүшелері БҰҰ жанындағы Халықаралық көші-қон ұйымының қорына 1097 АҚШ доллары көлемінде қайырымдылық көмек аударды. Бұл қолдау әншінің ұйымдағы ізгі ниет елшісі ретіндегі қызметіне құрмет белгісі ретінде ұсынылған.

Жанкүйерлердің айтуынша, олар Димаштың шығармашылығынан алған шабыт пен мейірімділікті қоғамға пайдалы істер арқылы қайтаруға тырысады.

Айта кетейік, әнші екі жыл бұрын БҰҰ-ның ізгі ниет елшілері қатарына қосылған болатын. Биыл мамыр айында ол осы мәртебемен Бангладешке барып, гуманитарлық көмекке мұқтаж халықтың жағдайымен танысты. Аталған өңірде баспана, медициналық қызмет пен білімге қолжетімділік мәселесі әлі де өзекті болып отыр.