Todayinfo.kz
НовостиСмотреть все материалы

Марат Бәшімов: «Адамның жеке өмірі мемлекет бақылауына жатпайтын құндылық»

Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов жеке деректерді қорғауды Конституцияда бекітуді ұсынды. Ол мұны адамның ең жоғары құндылығы деп санайды.

Автор Мұхтар Жексенбай··1 мин чтения
Марат Бәшімов: «Адамның жеке өмірі мемлекет бақылауына жатпайтын құндылық»

Парламент Мәжілісінің депутаты Марат Бәшімов азаматтардың жеке деректерін қорғау құқығын Қазақстан Конституциясына жеке бап ретінде енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Депутаттың пікірінше, бұл – адамның жеке құқықтары мен бостандықтарына жататын негізгі құндылық. Оған мемлекет тікелей кепілдік беруі тиіс. Себебі жеке деректердің қорғалуы өмір сүру, жеке қауіпсіздік, отбасы құпиясы және абырой секілді іргелі құқықтарды толық пайдалануға мүмкіндік береді.

"Адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары – мемлекеттің ең жоғары құндылықтары. Адамның жеке өмірі оның қоғамға немесе мемлекетке жариялағысы келмейтін тұстарынан тұрады. Бұл – жеке тұлғаның ерекше тәуелсіздігі, ол қоғам мен мемлекеттің бақылауына жатпайды", - деді Бәшімов.

Ол бұл бастама азаматтарды жеке деректерді, әсіресе цифрлық технологиялар арқылы жинаудан, өңдеуден және таратудан қорғауды көздейтінін атап өтті.

"Жеке бостандыққа қатысты конституциялық құқықтар тобына әр адамның жеке деректерін заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан бостандыққа ие болу құқығын қосу қажет", - деп толықтырды депутат.

Марат Бәшімов Қазақстанда бұл саланы реттейтін заңнама бар екенін еске салды. Мәселен, «Жеке деректер және оларды қорғау туралы» Заңның 11-бабында деректердің құпиялылығын қамтамасыз ету міндеті көрсетілген. Ал Қылмыстық кодекстің 148-бабына сәйкес, жеке өмірге қол сұққаны үшін екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сонымен қатар депутат дәрігерлік, адвокаттық, нотариаттық және тергеу құпиясы сияқты кәсіби құпиялардың да маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бұл нормалардың барлығы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.

Фото: Әлеуметтік желіден

Похожие материалы

Марат Бәшімов: «Адамның жеке өмірі мемлекет бақылауына жатпайтын құндылық» · Todayinfo