Қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Мағауиннің шығармашылық мұрасын сақтауға және насихаттауға арналған Mukhtar Magauin Foundation ресми түрде жұмысын бастады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Жаңа қордың негізгі миссиясы – жазушының бай мұрасын болашақ ұрпаққа жеткізу, оның еңбектерін тереңінен зерттеу және халықаралық аренада танымалдығын арттыру. Осы мақсатта бірнеше бағыт бойынша кешенді жұмыстар жүргізілмек.
"Қордың мақсаты — Мұхтар Мағауиннің шығармашылығын сақтау, зерделеу және әлемдік деңгейде таныту. Біз зерттеу, аударма, баспа және мәдени жобаларды іске асырамыз", - делінген қордың ресми хабарламасында.
Қор қызметінің басым бағыттарының бірі – Мағауин шығармаларын әлемнің негізгі тілдеріне аудару. Бұл қазақ әдебиетінің әлемдік мәдени кеңістікке енуіне жаңа серпін береді деп күтілуде. Сонымен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қолдау көрсетіліп, жазушының туындыларына арналған конференциялар мен мәдени шаралар ұйымдастырылады.
Фото: Әлеуметтік желіден




