Шымкентте Буркина-Фасодан шыққан жас сарбаз әскери борышын өтеп жүр, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі  Almaty.tv сайтына сілтеме жасап.

Карл Уэдраого Ұлттық ұлан қатарында қоғамдық тәртіпті күзету қызметін атқарады. Ол Батыс Африкада дүниеге келгенімен, өмірі Қазақстанмен тығыз байланысты. Қазір ата-анасымен бірге Алматы қаласында тұрады.

Туған жері басқа болғанымен, жігіт өзін жүрегімен қазақстандық санайды және Отан қорғауды үлкен мәртебе деп біледі.

«Мен мерзімді әскери қызметке өз еркіммен келдім, себебі Отан алдындағы борышымды өтегім келді. Бөлімге бөлінгеннен кейін Шымкент қаласындағы әскери бөлімге түстік. Кейін жас жауынгер курсынан өтіп, батальонға бөліндік. Күнделікті қызметіміз бірқалыпты өтеді. Бізге сеніп тапсырылған техникаларға жауап береміз, оларды күтіп-баптаймыз және жүктелген міндеттерді орындаймыз», – деді әскери қызметші Карл Уэдраого.

«Анам – қазақ, әкем – африкалық. Болашақ өмірімді тек Қазақстанмен байланыстырамын. Өзімді толыққанды Қазақстан Республикасының азаматымын деп есептеймін. Бұл ел маған ұнайды және мен оны жақсы көремін», – деді сарбаз.

Әскери бөлімде жас сарбаздың тәртіптілігі мен жауапкершілігі ерекше атап өтіледі. Қызметтік міндеттерін адал әрі мінсіз орындағаны үшін Карлды әріптестері де, басшылық та құрметтейді.

«Қазіргі таңда қатардағы жауынгер Уэдраого өз мамандығы бойынша жүргізуші қызметін атқарып жүр. Ол көлік жүргізуді жоғары деңгейде меңгерген. Басқа елде туғанына қарамастан, Қазақстанның жол қозғалысы ережелерін өте жақсы біледі», – деді 6506 әскери бөлім командирінің орынбасары Идрис Чаушев.

Бүгінде 6506 әскери бөлімінде шамамен 500 әскери қызметші ел қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді. Олар үшін қару – үлкен жауапкершілік, ал әскери қызмет – қасиетті борыш.