Мемлекеттік мүлік департаментінің қызметкерлері Перизат Қайраттың автокөліктерін белсенді түрде сатып жатыр. Алаяқтық ісі бойынша тәркіленген кезекті машина сауда-саттыққа шығарылды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Астана қаласының Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті ақ түсті Mercedes-Benz EQE 500 4 matic автокөлігін сату туралы хабарландыру жариялады. Шығарылған жылы – 2023 жыл, мемлекеттік нөмірі – 111 KPK 01.

Автокөліктің бағалау құны – 26 269 000 теңге. Дегенмен машинаның кузовында зақымдар бар:

  • сол жақ есігі,

  • сол жақ артқы көрініс айнасы,

  • жүргізуші жақтағы сол есіктің әйнегі,

  • сол жақ қанаты,

  • сол жақ бампері,

  • сол жақ табалдырығы (подножка),

  • сол жақ фарасы.

Сауда-саттық 2026 жылғы 9 шілдеде сағат 10:00-де басталады. Өтінімді тек құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің, саяси мемлекеттік қызметшілердің және Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының қызметін қамтамасыз етуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар ғана бере алады.