Қарағанды қаласы 2028 жылы ТМД-ның Жастар астанасы болып жарияланды. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мәлімдеді.

«Қуанышты жаңалықпен бөліскім келеді: Қарағанды қаласы 2028 жылғы ТМД-ның Жастар астанасы болып жарияланды!

ТМД Үкімет басшылары кеңесінің бұл шешімі – Қазақстанның халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудағы беделіне берілген жоғары баға әрі Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан жастарды қолдауға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі.

Бұл – Қарағанды облысы үшін үлкен мәртебе әрі өңіріміздің әлеуетіне көрсетілген зор сенім»,- деді ол.

Бүгінде Қарағанды облысында 303 мыңнан астам жас тұрғын бар. Олар білім, ғылым, кәсіпкерлік және қоғамдық бастамалар салаларында белсенділік танытып келеді.

«ТМД-ның Жастар астанасы мәртебесі Қарағанды үшін халықаралық жастар ынтымақтастығын кеңейтуге, тәжірибе алмасуға және ауқымды жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндік береді.

Біз бұл жауапты міндетті абыроймен атқарып, халықаралық деңгейдегі жобаны жоғары дәрежеде ұйымдастырамыз деп сенемін.

Барша Қарағанды облысының тұрғындарын және Қазақстан жастарын осы айтулы жаңалықпен шын жүректен құттықтаймын!

Еліміздің болашағы – жас ұрпақтың білімі мен жігерінде, қажыры мен жасампаздық рухында»,- деп жазды әкім.