Алматы облысы Жамбыл ауданының Қарақыстақ ауылында тұрғындар арасындағы жанжал атысқа ұласып, екі адам қаза тапты. Тағы бір адам пышақ жарақатын алды. Оқиғаға қатысы бар деген күдікпен жеті тұрғын ұсталды, деп хабарлайды Todayinfo КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарнаның мәліметінше, жанжал ауылдағы дүкендердің бірінің маңында бірнеше азаматтың төбелесінен басталған. Алдын ала ақпарат бойынша, оған қатысқандар мас күйде болған. Кейін екі тарап та таныстарын көмекке шақырған.

Қаза тапқандардың бірі – 39 жастағы Бекболат есімді ауыл тұрғыны. Туыстарының айтуынша, ол төбелеске қатыспаған, тек көмек сұрап келген танысына араша түспек болған.

Куәгерлердің сөзінше, біраз уақыттан кейін жүк көлігімен келген бір топ адам Бекболаттың үйіне барған. Олар аулада тұрған көлікті бүлдіріп, қақпаға бірнеше рет оқ атқаннан кейін үй аумағына кірген. Сол кезде үйде отбасы мүшелері болған.

Марқұмның жақындарының айтуынша, шабуылдаушылардың қолында аңшылық мылтық, тас және таяқ болған. Атыс салдарынан Бекболат қаза тапқан. Ол ауылдағы спорт кешенінде жұмыс істеген. Артында жұбайы мен екі баласы қалды.

Оқиға кезінде тағы бір азамат көз жұмды. Оның туыстары әзірге пікір беруден бас тартып, марқұмның нақты кімнің оғынан қайтыс болғаны белгісіз екенін айтқан.

Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жанжал әуелі дүкеннің маңында басталып, кейін тұрғын үйлердің бірінің алдында жалғасқан.

«Жанжал кезінде екі адам аңшылық мылтықтан жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды. Аталған фактілер бойынша адам өлтіру және бұзақылық баптарымен қылмыстық істер қозғалды», – деп хабарлады полиция.

Қазір жеті күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Марқұм Бекболаттың туыстары жанжал ушықпай тұрып полицияға хабарласқанын, алайда тәртіп сақшыларының оқиға орнына дер кезінде келмегенін мәлімдеді. Осыған байланысты олар прокуратураға арыз түсірген.

Марқұмдардың жақындары істің жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етіп отыр.