Todayinfo.kz
Комитет информации

Қазақстан қорғанысын нығайтудың жолы халықаралық жаттығуларға әскерлерді жиі қатыстыру — полковник

Фото: ҚР ҚМ Қазақстанның халықаралық әскери ынтымақтастығы соңғы жылдары қарқынды дамып, мазмұндық жағынан да, географиялық ауқымы тұрғысынан да кеңейіп келеді. Бұл үрдіс тек қорғаныс қабілетін арттырумен шектелмей, өңірлік және жаһандық қауіпсіздік жүйесіндегі елдің рөлін күшейт

Автор Мерей Сардарбаев··2 мин чтения
Қазақстан қорғанысын нығайтудың жолы халықаралық жаттығуларға әскерлерді жиі қатыстыру — полковник
Фото: ҚР ҚМ Қазақстанның халықаралық әскери ынтымақтастығы соңғы жылдары қарқынды дамып, мазмұндық жағынан да, географиялық ауқымы тұрғысынан да кеңейіп келеді. Бұл үрдіс тек қорғаныс қабілетін арттырумен шектелмей, өңірлік және жаһандық қауіпсіздік жүйесіндегі елдің рөлін күшейтуге бағытталған.  ҚР Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы полковник Олжас Құсайынов Todayinfo.kz ақпараттық порталына қорғаныс саласын күшейту жолындағы жұмыстар жайлы пікір білдірді.  Көпжақты серіктестік – тұрақтылықтың негізі Бүгінде Қазақстан әскери салада көпжақты және екіжақты форматта бірқатар елдермен жүйелі ынтымақтастық орнатқан. Бұл өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарына бірлескен әскери жаттығулар өткізу, тәжірибе алмасу және әскери кадрларды даярлау кіреді. Полковниктің пікірінше, мұндай ынтымақтастық әскери құрылымдардың үйлесімді жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, түрлі сценарийлерге дайындық деңгейін арттырады. Әсіресе, халықаралық оқу-жаттығулар әскери қызметшілердің нақты жағдайға барынша жақын ортада тәжірибе жинақтауына ықпал етеді. Цифрлық майдан алдыңғы қатарға шықты Қазіргі таңда дәстүрлі қауіптермен қатар, жаңа сипаттағы қатерлер де алдыңғы орынға шықты. Соның ішінде киберқауіпсіздік мәселесі ерекше маңызға ие.
«Қазақстан бұл бағытта халықаралық әріптестермен бірлесіп жұмыс істеп, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, кибершабуылдардың алдын алу және цифрлық инфрақұрылымды қорғау шараларын күшейтіп келеді. Сонымен қатар терроризмге қарсы іс-қимыл да күн тәртібінен түскен емес. Жаһандық тұрақсыздық жағдайында бұл бағыттағы ынтымақтастық тәжірибе алмасумен ғана шектелмей, нақты іс-шаралар арқылы жүзеге асырылуда», — деді ҚР Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы полковник Олжас Құсайынов.
Саяси — сенімді серіктестік  Олжас Құсайыновтың айтуынша, Қазақстан халықаралық аренада ашық әрі прагматикалық саясат ұстанады. Бұл саясат теңгерімді сыртқы байланыстар орнатуға және түрлі геосаяси орталықтармен тиімді диалог жүргізуге мүмкіндік береді. Осы тұрғыда Қазақстан үшін негізгі серіктестер қатарында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ), Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) және Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) бар. Аталған ұйымдар аясындағы ынтымақтастық өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ трансшекаралық қатерлерге бірлесіп жауап беруге жағдай жасайды. Бітімгершілік миссиялар: тәжірибе мен бедел Қазіргі геосаяси жағдайда бітімгершілік қызметтің маңызы айтарлықтай артып отыр. Қазақстан бұл бағытта белсенді позиция ұстанып, халықаралық миссияларға қатысу арқылы өзінің жауапты мемлекет ретіндегі имиджін нығайтып келеді. Бітімгершілік операциялар әскери қызметшілер үшін ерекше тәжірибе алаңы саналады. Мұндай миссиялар барысында олар көпұлтты ортада жұмыс істеуді үйреніп, күрделі және күтпеген жағдайларда жедел шешім қабылдау қабілетін дамытады. Сарапшылардың айтуынша, бұл тәжірибе кейін ел ішіндегі қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге де оң әсер етеді. Әсіресе, Голан жотасына Қазақстан президентінің бастамасымен, парламент мақұлдауымен жіберілген қазақстандық жасақтың тәжірибесі ерекше.
«Жалпы алғанда, Қазақстанның әскери ынтымақтастығы стратегиялық маңызы жоғары бағыт ретінде қалыптасып отыр. Ол елдің қорғаныс әлеуетін арттырып қана қоймай, халықаралық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ортақ күш-жігердің бір бөлігіне айналып келеді. Қазіргі күрделі әлемдік жағдайда мұндай серіктестік тек қажеттілік емес, қауіпсіз болашақтың басты кепілі ретінде бағаланады», — деді ведомство өкілі Олжас Құсайынов.

Похожие материалы