Елімізде қылмыстық және әкімшілік амнистияға кімдер ілігуі мүмкін екені белгілі болды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.
ІІМ мәліметінше, жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты Мемлекет басшысы қылмыстық және әкімшілік амнистия жүргізу бастамасын көтерген. Бұл қадам әділеттілік, гуманизм және адам қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттарына негізделген құқықтық саясатты одан әрі жетілдіруге бағытталған.
Ведомствоның түсіндіруінше, амнистия құқық бұзушылық жасағанымен, қоғамға айтарлықтай қауіп төндірмейтін азаматтардың әлеуметтік ортаға қайта бейімделуіне мүмкіндік беретін құқықтық тетік болып саналады. Оның мақсаты – мұндай адамдардың еңбекке араласып, қоғамдық өмірге қайта қосылуына жағдай жасау.
Президент тапсырмасын орындау аясында Мәжіліс депутаттары жекелеген санаттағы құқық бұзушылықтарға қатысты амнистия туралы заң жобасын әзірлеген. Құжатты талқылауға ІІМ басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп қатысып жатыр. Заң жобасы қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтарды қамтиды.
ІІМ дерегінше, қылмыстық амнистия қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдарға қолданылуы мүмкін. Сондай-ақ келтірілген залал өтелген немесе мүлде залал келтірілмеген жағдайда ауырлығы орташа қылмыстар үшін сотталған азаматтарға да қатысты болуы ықтимал. Кейбір санаттағы сотталғандар үшін жаза мерзімін қысқарту қарастырылған.
Министрліктің мәліметіне сәйкес, қылмыстық амнистия 15 мыңнан астам адамды қамтуы мүмкін. Оның ішінде шамамен 1,5 мың адам түзеу мекемелерінен босатылуы ықтимал.
Сонымен қатар Қазақстан тарихында алғаш рет кең ауқымды әкімшілік амнистия өткізу жоспарланып отыр. Ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 263 бабын қамтиды. Заң жобасына сәйкес, азаматтар, жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын тұлғалар 2026 жылғы 17 наурыз сағат 24:00-ге дейін жасалған құқық бұзушылықтар бойынша орындалмаған әкімшілік айыппұлдардан босатылуы мүмкін.
ІІМ мәліметінше, ведомство желісі бойынша бұл шара жалпы сомасы 17 млрд теңгеден асатын шамамен 1 миллион әкімшілік айыппұлды қамтиды.
Алайда амнистия барлық құқық бұзушылықтарға бірдей қолданылмайды. Терроризм, экстремизм, сыбайлас жемқорлық, азаптау, ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар, сондай-ақ жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы, әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар жасаған адамдар амнистияға ілікпейді. Бұдан бөлек, рецидив жағдайлары да бұл тізімге кірмейді.
Әкімшілік амнистия да белгілі бір шектеулермен жүзеге асырылады. Мәселен, қару мен есірткінің заңсыз айналымына, мас күйінде көлік басқаруға, қарсы жолаққа шығуға және өзге де өрескел жол қозғалысы ережелерін бұзуға байланысты құқық бұзушылықтар амнистияға жатпайды.
Қазіргі уақытта аталған заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр.




