2025 жылдың мамыр айында Қазақстанда алғаш рет курьерлердің құқықтары мен еңбек жағдайын қорғауға бағытталған қоғамдық ұйым — «QYZMET» Курьерлер Одағы құрылды. Одақтың құрылуы туралы оның негізін қалаушы, профессор, ғылым докторы Алмас Мұхаметов мәлімдеді.
Оның айтуынша, курьерлердің еңбек құқықтарын қорғау және жұмысқа қажетті жағдайларды қамтамасыз ету мәселесі бұрыннан бері күн тәртібінде тұр. Бұған дейін ҚР Еңбек министрлігінің деректеріне сүйеніп, елде шамамен 500 мың курьердің еңбек ететіні хабарланған. Ал тек Алматы қаласында олардың саны 20 мыңнан асады.

Одақтың мақсаты қандай?
Алмас Мұхаметов атап өткендей, QYZMET Курьерлер Одағының негізгі міндеттері:
-
Курьерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау;
-
Мемлекетпен және агрегатор-компаниялармен келіссөздер жүргізу;
-
Білім беру және әлеуметтік бағдарламаларды іске қосу;
-
Жұмыс шарттарының әділеттілігін қамтамасыз ету.
Одақтың төрағасы — Ринат Шахяметов.

Курьерлердің басты мәселелері
Алмас Мұхаметов курьерлердің тап болатын қиындықтарын тізіп өтті:
-
Күніне 10–12 сағат демалыссыз жұмыс;
-
Еңбек келісімшарттары мен медициналық сақтандырудың жоқтығы;
-
Агрегаторлар тарапынан 40% дейінгі комиссиялар;
-
Қауіпті жағдайлар, денсаулық пен өмірге қауіп;
-
Түсініксіз себеппен аккаунттардың бұғатталуы;
-
Демалатын орындар мен санитарлық жағдайдың болмауы;
-
Агрегаторлармен және мемлекеттік органдармен кері байланыстың жоқтығы.
Сонымен қатар, дайындық пен қолдаудың болмауы себепті курьерлер жиі жол ережесін бұзады, тротуармен жүреді, телефонмен сөйлеседі — бұл қоғамдық наразылыққа себеп болуда.
QYZMET ұсынған нақты шешімдер
-
24/7 қолдау қызметін ашу (юрист, психолог, кеңесші көмегімен);
-
«Алматы курьерінің картасын» жасау (демалыс орындары, қауіпті аймақтар, санитарлық нүктелер);
-
Оқыту платформасын іске қосу (ЖҚЕ, өзін-өзі жұмыспен қамту, құқықтық сауаттылық);
-
Агрегаторлармен ашық тарифтік келіссөздер бастау;
-
Курьер еңбегін заңнамалық түрде тану және реттеу бойынша бастамалар ұсыну.
“Бүгінде курьерлермен бірде-бір құрылым жүйелі түрде жұмыс істемейді. Бұл қауіпсіздікке де, әділеттілікке де, сенімге де кері әсерін тигізеді” – дейді Алмас Мұхаметов.
Курьерлердің дауысы естіле бастады
2025 жылдың 25 мамырында Алматы қаласында QYZMET одағының алғашқы съезі өтті. Оған 150-ден астам адам — курьерлер, заңгерлер, сарапшылар қатысты.
Ерназар, 32 жаста, Шымкент:
“Банкке құжат жеткізіп бара жатып, баспалдақта тайып құлап, аяғымды сындырып алдым. Жұмыс берушіден де, банктен де еш көмек болған жоқ. Ешкім жағдай сұрамады, сақтандыру да жоқ. Үйде жарты жыл жаттым. Енді ғана қатарға келдім. Бірақ енді жалғыз емес екенімді білем. Біз бірге болсақ — біздің дауысымыз естіледі!”
Шыңғыс, 35 жаста, Алматы:
“Мамандық бойынша дәрігермін, бірақ өмірдің жағдайы курьер болуға мәжбүр етті. Адамдар таң қалады. Бірақ мен айтам: адал еңбек — ең абыройлы еңбек. Курьер болу оңай емес. Қысым көп. Енді бізді көреді. Біз — жай ‘қосымша’ емеспіз. Біз — тірі адамбыз.”
Бекарыс, 21 жаста, Алматы:
“Оңтүстік Кореяда еңбек етіп көрдім. Онда қарапайым жұмысшыларға деген құрмет ерекше. Қазақстанда оралған соң, мұндай құрметтің жоқтығын көрдім. Бірақ қазір бәрі өзгереді деген үміт бар. Одақ бізге сенім берді. Енді мен тек ‘жартылай жұмысшы’ емеспін. Мен — адаммын. Даусым бар.”
QYZMET одағы қандай қызметтер көрсетеді?
-
Қолдау қызметі әзірге тегін.
-
Алты айдан кейін ай сайынғы жарна – 1000 теңге көлемінде жоспарлануда.
-
Кез келген курьер төмендегі байланыстар арқылы хабарласа алады:
📱 Instagram: @qyzmet_kz1
🎥 TikTok: @qyzmet_kz
💬 Telegram: t.me/qyzmetkz
📞 Телефон: +7 771 975 15 10
📧 Email: qyzmet.kz11@gmail.com
Келешек жоспарлар
Алмас Мұхаметов алдағы уақытта:
-
Парламент депутаттарымен кездесулер өткізуді;
-
Еңбек кодексіне түзетулер енгізуді;
-
Әлеуметтік сақтандыру және заңсыз бұғаттаудан қорғау шараларын ұсынуды;
-
Мемлекетпен және бизнеспен тұрақты серіктестік орнатуды мақсат етіп отыр.
“Курьер — бұл уақытша ‘функция’ емес, толыққанды мамандық. Мемлекет оны ресми түрде мойындауы керек”, – дейді одақ негізін қалаушы.
QYZMET Курьерлер Одағы – бұл тек құқық қорғау ұйымы емес, бұл:
-
Курьердің даусы;
-
Курьердің абыройы;
-
Курьердің кәсіби болашағы.
🟡 Бұл — Қазақстандағы жаңа еңбек мәдениетінің бастамасы.
🟡 Бұл — әділетті қоғамға қадам.




