Желіде Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу туралы жаңа заң жобасы пайда болды. Құжатта мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі өзгертетін бірқатар маңызды тармақтар көрсетілген. Бұл туралы Todayinfo.kz ақпараттық порталы хабарлайды.
Негізгі өзгерістер:
-
Парламенттің таратылуы: Қолданыстағы Парламент 2026 жылғы 1 шілдеден бастап өз жұмысын тоқтатады деп жоспарлануда.
-
Құрылтай сайлауы: Конституция өзгергеннен кейін бір ай ішінде Президент Құрылтай сайлауын жариялауы тиіс. Сайлау науқаны екі ай ішінде өткізілуі керек.
-
Вице-президент институты: Жаңа жоба бойынша Қазақстанда Вице-президент лауазымы қайта енгізілмек. Оны Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайды. Жаңа жобада бұл лауазым бойынша да біраз өзгерістер енгізілген.
Бірінші жобада (31.01) былай делінген болатын: Вице-президент:
-
Президенттің тапсырмасы бойынша халықаралық аренада ҚР мүддесін білдіреді;
-
Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде Президенттің атынан өкілдік етеді;
-
Президенттің тапсырмасы бойынша ҚР-ның және шет мемлекеттердің қоғамдық-саяси, ғылыми, мәдени-ағартушылық ұйымдарымен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;
-
Президент айқындайтын өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Жаңа жобада (12.02): Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде оның атынан өкілдік етеді, сондай-ақ Президент айқындайтын өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.




