Todayinfo.kz
НовостиСмотреть все материалы

Қазақстандықтар Еуроодаққа оңай бара ала ма: Брюссельден жаңалық жетті

Брюссельде қазақстандық журналистермен кездескен елші Роман Василенко ЕО-мен визалық режимді жеңілдету жайын және экономикалық серіктестікті талқылады.

Автор Мұхтар Жексенбай··1 мин чтения
Қазақстандықтар Еуроодаққа оңай бара ала ма: Брюссельден жаңалық жетті

Брюссельде Қазақстанның Бельгиядағы елшісі Роман Василенко өңірлік журналистермен кездесіп, Еуропалық одақпен арадағы визалық режимді жеңілдету келіссөздерінің барысы туралы айтты, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Кездесуге біліктілігін арттыру курстарынан өту үшін келген бірқатар отандық медиа өкілдері қатысты. Атап айтқанда, «QazaqToday» (Алматы), «Жетісу» радиосы (Талдықорған), «Қостанай таңы» газеті (Қостанай), «Қызылжар-Ақпарат» медиахолдингі (Петропавл), «Turkistan Media Holding» (Түркістан) және «Алматы» телеарнасының тілшілері болды. Журналистер тобын Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы бастап келген.

Роман Василенко Еуроодақтың Қазақстан үшін ең ірі сауда және инвестициялық серіктес екенін атап өтті. Оның айтуынша, екіжақты қарым-қатынас қарқынды дамып келеді.

"Еуропалық инвестициялардың Қазақстан экономикасына салынған жалпы көлемі 200 млрд доллардан асты. Сонымен қатар еліміз ЕО-ға импортталатын мұнайдың шамамен 13%-ын қамтамасыз етеді", – деді елші.

Тараптар көлік саласында, әсіресе Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясындағы ынтымақтастықты белсенді дамытып жатыр. Сондай-ақ сыни шикізат, жасыл энергетика және цифрландыру сияқты жаңа бағыттар бойынша серіктестік нығайып келеді. Қазіргі таңда Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында визалық режимді жеңілдету туралы келіссөздер жалғасып жатыр.

Кездесу барысында Қазақстан-Бельгия қатынастарының оң серпіні де сөз болды. Бүгінде Қазақстанда Ahlers, Sarens, Carmeuse, Solvay және Jan De Nul сияқты ірі бельгиялық компаниялар жұмыс істейді. Ал 2024 жылдың қаңтарында Брюссельде Қазақстанның мәдени орталығы ашылған болатын.

Кездесу соңында елші журналистерге Қазақстанның халықаралық қызметіне қызығушылық танытқаны үшін алғыс айтып, елдің Еуропамен ынтымақтастығын халыққа объективті жеткізудегі БАҚ-тың рөлі зор екенін атап өтті.

Фото: Әлеуметтік желіден

Похожие материалы

Қазақстандықтар Еуроодаққа оңай бара ала ма: Брюссельден жаңалық жетті · Todayinfo