Атырауда Қарабалиндер әулетінің өліміне қатысты атышулы қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Шулы іс бойынша Сұлтан Сәрсемәлиев айыпталушы ретінде жауапқа тартылып отыр. Тергеу мәліметінше, ол қайын жұртының қазасына қатысы барлық қылмысты мойындаған. Ал сұмдық қылмыстың қалай ашылғанын тергеуші сотқа мәлім етті, деп хабарлайды Todayinfo.kz порталы.
Аталған істі тергеген Атырау облысы полиция департаменті тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Темірхан Қажымұратов сотта күдіктінің ізі қалай анықталғанын баяндады. Оның айтуынша, тергеу барысында 40-тан астам адамнан жауап алынған. Олардың арасында марқұмдардың туыстары, көршілері және оқиғаға қатысты мәлімет беруі мүмкін азаматтар болған.
Тергеушінің сөзінше, бастапқыда ерлі-зайыпты із-түссіз жоғалғандар ретінде тіркелген. Осыдан кейін полиция олардың банк есепшоттарын тексеріп, ақша қозғалысын, қаражаттың қайда және қашан жұмсалғанын анықтауға кіріскен.
«Алдымен есепшоттар тексерілді. Ақша түсті ме, қай жерде жұмсалды – бәрі қаралды. Сол кезде күдікті Сәрсемәлиевтің шотына ақша аударып жүргені белгілі болды. Кейін ауылға апарып-әкелген такси жүргізушісі анықталды. Ол қараша айында ерлі-зайыпты мен баласын жеткізген. Қайтар жолда оның жанында Мейрамгүл Мұқанғалиева да болған», – деді Темірхан Қажымұратов.
Қазір сотта қылмыстық істің барлық мән-жайы қаралып жатыр. Тергеу тарапы бұл істі аса ауыр қылмыс ретінде санап отыр. Айыпталушыға қатысты ҚР ҚК 4 бабы бойынша ауыр айыптар тағылған. Түркілікті шешімді сот шығарады. Әдетте бұндай аса ауыр қылмыс жасағандар өмірінің соңына дейін түрме жазасына кесіледі.




