Todayinfo.kz
НовостиСмотреть все материалы

Қызылорда халқы енді Астанаға сабылмайды: аймақта маңызды орталық іске қосылды

Қызылордада құны 4 млрд теңгелік Orhun Medical орталығы ашылды. Енді тұрғындар онкологияны ерте анықтау үшін Астана мен Алматыға бармайды.

Автор Мұхтар Жексенбай··1 мин чтения
Қызылорда халқы енді Астанаға сабылмайды: аймақта маңызды орталық іске қосылды

Қызылордада онкологиялық ауруларды ерте сатыда анықтауға мүмкіндік беретін жоғары технологиялық медициналық орталық ашылды. Енді жергілікті тұрғындар күрделі диагностика үшін Астана, Алматы қалаларына немесе шетелге барудың қажеті жоқ, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Жаңадан салынған Orhun Medical орталығының ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров қатысты.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бұл жобаның өңір үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.

"Құны 4 млрд теңге болатын бұл жоба онкологиялық ауруларды ерте анықтауға, дерттің таралу деңгейін бағалауға және емдеу тиімділігін бақылауға мүмкіндік береді. Тұрғындарымыз ендігіде Астана, Алматы қалаларына, шетелдерге бармай-ақ, сапалы медициналық қызметтерді жергілікті жерде алады", – деді облыс әкімі.

Орталықтың негізгі бағыты – позитронды-эмиссиялық және компьютерлік томографияны (ПЭТ/КТ) біріктіретін жоғары технологиялық диагностика. Мұнда жылына 3 500 ПЭТ/КТ зерттеуі жүргізіледі деп жоспарланған. Бұдан бөлек, орталық жылына 16 000 магниттік-резонанстық томография, 20 000 компьютерлік томография және 10 000 маммография жасауға қауқарлы.

Orhun Medical компаниясының бұл жобасы тек Қызылорда ғана емес, сонымен қатар Ұлытау, Түркістан және Ақтөбе облыстарының тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Мамандардың айтуынша, барлық зерттеу тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында жүргізіледі.

ПЭТ/КТ-дан басқа, орталықта МРТ, КТ, рентгенография, маммография, ультрадыбыстық диагностика, бейінді мамандардың кеңестері сияқты қызметтер де қолжетімді болады.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Похожие материалы

Қызылорда халқы енді Астанаға сабылмайды: аймақта маңызды орталық іске қосылды · Todayinfo