Todayinfo.kz
НовостиСмотреть все материалы

Қызылордада апатты үй санатындағы кезекте тұрғандарға 135 пәтердің кілті табысталды

Қызылордадағы Титов шағын ауданында 135 пәтерлік үй берілді. Пәтерлер апатты деп танылған жалғыз баспанасы бар кезектегілерге арналды.

Автор Мұхтар Жексенбай··1 мин чтения
Қызылордада апатты үй санатындағы кезекте тұрғандарға 135 пәтердің кілті табысталды

Қызылорда қаласының Титов шағын ауданында 135 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй қоныстанушыларға берілді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Пәтер кілтін тапсыру рәсіміне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, жаңа қоныс иелерін құттықтады. Тұрғын үй «жалғыз баспанасы апатты деп танылған» санаты бойынша кезекте тұрған азаматтарға арналған.

Шараға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаева, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері, салалық басшылар, зиялы қауым және қала тұрғындары жиналды.

Аймақ басшысы Қызылорданың соңғы жылдары құрылыс қарқыны артқан қалаға айналғанын айтып, тұрғын үй салу мен әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

«Осы жыл жаңа бастамалар мен жарқын жоспарлар іске асатын, береке мен бірлігімізді бекемдейтін кезең болмақ. Бүгін жерлестеріміздің баспаналы болу қуанышына ортақтасып, пәтер кілтін табыстау рәсіміне жиналдық. Президентіміздің, Үкіметтің қолдауымен барлық салада серпінді жобалар іске асып, әлеуметтік-экономикалық даму бағытында оң үрдіс қалыптасты», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Облыс әкімінің айтуынша, 2022 жылдан бері өңірде шамамен 200 әлеуметтік нысан салынып, халық игілігіне берілген. Тұрғындарды баспанамен қамтуға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік саясат та нақты нәтижесін көрсетіп келеді.

«2022-2024 жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтердің кілті тапсырылды. Алғаш рет барлық ауданда 1800-ге жуық жаңа пәтер жерлестеріміздің игілігіне айналды. Қаламызда жаңа дизайнмен жеті, тоғыз және он екі қабатты тұрғын үйлер салынып жатыр», – деді ол.

Салтанатты жиында тұрғын үй құрылысына еңбек сіңірген мамандар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен бірге Мәжіліс депутаттары Мархабат Жайымбетов пен Мұрат Ергешбаев құттықтау сөз сөйледі.

Өңір басшылығы келтірген дерекке сүйенсек, жыл қорытындысында облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн 700 млрд теңгеге жетіп, 6,5 пайыз өсім берді. 2021 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш екі есеге ұлғайған. Былтыр облыс бюджеті 851 млрд 300 млн теңге болды, ал 2021 жылдан бері 246 пайызға артқан. Қаржының 56 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Похожие материалы

Қызылордада апатты үй санатындағы кезекте тұрғандарға 135 пәтердің кілті табысталды · Todayinfo